Орбұлақ шайқасына Белжайлауда тасбелгі орнатылды. Онда «Қазақ Елінің тәуелсіздігі мен еркіндігі үшін, жоңғар басқыншыларымен шайқаста жеңіске жеткен айбынды қазақ сарбаздарына ұрпақтары атына» деп жазылған. Тасбелгіге орнатылған QR-код арқылы «Орбұлақ» шайқасы туралы егжей-тегжейлі ақпарат алуға болады.
Аталған ескерткіш Жетісу өңірінде өткен «Орбұлақ шайқасының ізімен» атты ақпараттық квестте ашылды. Оған Орбұлақ шайқасын зерттеп жүрген бір топ азаматтар қатысты. Атап айтсақ, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Н.Жазылбеков, Орбұлақ шайқасы негізінде жазылған «Воскрешающие легенды» атты романның авторы Т.Ермашев, «Табиғат» эко-бірлестігінің, Қазақстандық караванинг пен кемпингтің төрағасы Б. Шапагатова, «Ауылды көтереміз – Возродим село» қоғамдық бірлестік төрағасы К.Жанабилов, ғалымдар, жазушылар, белгілі журналистер мен республикалық блогерлер.
«Біз 374 жыл бұрын Орбұлақ шайқасы болған жерде тұрмыз. Қазақ батырлары 50 мың әскері бар жоңғарларды бірнеше күн бойы Жалантөс батырдан көмек келгенше шекараға кіргізбей ұстаған. Арнайы жер асты тактикаларын қолдана отырып, жоңғар әскерлерін тұзаққа түсіріп 10 мың әскерін жойған. Осындай ақыл-айламен өткен шайқас үлкен өнер болып табылады. Себебі, небәрі 600 адам 50 мың әскерге төтеп беру мүмкін емес жағдай еді», — деді Бексұлтан Нуржекеев