Жолаушыларға ыңғайлы бұл жаңа көлiктер 23 орынға лайықталған. Ал, жалпы автобустың iшiне 100-ге жуық адам сияды. Арбамен жүретiн мүгедектерге пандус қарастырылған. Жүргiзушiнiң кабинасы арнайы отсекпен бөлiнген. Жолаушылар үшiн ақпараттар қазақ, орыс және ағылшын тiлдерiнде берiледi. Автопарк басшыларының айтуына қарағанда, бұл жаңа автобустар жолаушылар саны көп №1, 9, 16, 10, 5, 12, 11, 25, 13 маршруттар бойынша сапарға шығады. Қоғамдық жаңа автокөлiктiң тұсаукесер рәсiмiне қатысқан қала әкiмi Ермек Маржықпаев кәсiпорын басшыларының бұл бастамалары құптауға тұрарлықтай игi iс екендiгiн атап көрсеттi.
Жаңа автолiктердiң тұсаукесер рәсiмiнен кейiн тiкелей осы iспен айналысып жүрген бiрқатар басшы мамандармен, қатардағы жүргiзушiлермен пiкiрлесудi жөн санадық.
«Көкшетау автобус паркiнiң» директоры, қалалық мәслихаттың депутаты Әсия Шәрiмова «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесi кезiнде жолаушы тасымалымен айналысу үшiн аккредитацияға құжаттар тапсырылғандығын қуанышпен хабарлады.
Көкшетау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы транспорты және автомобиль жолдары бөлiмiнiң жетекшiсi Ермек Қарағаев өз ойын былайша бiлдiрдi: «Бiз жолаушы тасымалымен айналысатын кәсiпорындармен тығыз ынтымақтас-
тық байланыста жұмыс iстеймiз. Автомобильдер жолдарының жағдайына байланысты олардың сын-ескертпелерiне, өтiнiш-тiлектерiне дер кезiнде құлақ асамыз. Мүмкiндiгiмiзше, проблемалық учаскелердi тезiрек жөндеуге тырысамыз. Қазiр «Бiрлiк» мөлтек ауданындағы Дружба көшесiндегi соңғы аялдамада жөндеу жұмыстары жүргiзiлуде. Осы тақылеттес жөндеу жұмыстары Кенесары көшесiнде, №21 орта мектептiң маңында, «Жайлау» мөлтек ауданындағы соңғы аялдама жанында жүргiзiлуде. Бiр сөзбен айтқанда, автобустардың кедергiсiз қатынап тұруы үшiн жолдардың жайлы болуын басты назарда ұстаймыз».
«Көкшетау автобус паркi» директорының орынбасары Қастай Шұғайыпов жолаушы тасымалы тарифiне қатысты мынадай ұсыныс жасады: «Бiздiң қаламыздағы жолаушы тасымалы республикадағы ең төмен көрсеткiш. Тiптi, Щучинск қаласының өзiнде 80 теңге екен. Ал, елiмiздiң басқа аймақтарында 90-100 теңге деп естимiз. Бiз жолаушы бағасын қайта қарау жөнiнде өтiнiш жасадық. Қоғамдық транспортта тарифтердi көтеру алдымен техникаға дер кезiнде күтiм жасауға, құрал-жабдықтар сатып алу үшiн керек. Жанар-жағармай бағасы жылдан-жылға қымбаттап барады. Нақтылы мысал айтар болсам, қазiр 1 доңғалақтың бағасы шамамен 80 мың теңге тұрады. Ал, 6 доңғалақты айырбастау үшiн ең кемi жарты миллион қаражат керек.
Жүргiзушi Темiрбек Хасенов: «Мен осы кәсiпорында 90-шы жылдан берi жұмыс iстеймiн. Автопарк басшылары материалдық-техникалық базаны нығайтуға жете көңiл бөлуде. Мұндай құлшынысқа паркiмiздiң жаңа автобустармен толықтырылуы айқын дәлел болса керек. Жүргiзушiлер арнайы жұмыс киiмдерiмен қамтамасыз етiлдi. Техниканы дер кезiнде жөндеуге де ерекше көңiл бөлiнуде».
Жалпы алғанда, Көкшетау қаласы бойынша жолаушыларға тасымал қызметiн жақсартуға байланысты осындай iзгi қадамдар жасалғанымен әлi де болса шешiмiн күтiп тұрған өткiр мәселелер де жоқ емес. Жолаушы тасымалы және техника қауiпсiздiгi ережелерi жиi бұрмалануда. Кейбiр жүргiзушiлер мен кондукторлар тарапынан терiс қылықтар да байқалып қалады. Келешекте бұл мәселелерге жiтi назар аударып, оны бiрлесе шешу жергiлiктi атқарушы билiк органдары мен жолаушы тасымалымен айналысатын кәсiпорындардың тiкелей борышы.