«Дөңгелек үстелге» Астана қаласынан арнайы келіп қатысқан Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің археология және этнология кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Айман Досымбаева Ерейментау аумағындағы балбал тастардан жасалған көне ескерткіштерді зерттеген уақытта кездескен ауыртпалықтар, тіпті, түп орнымен алып кеткендерін іздеп-тауып, оларды қалпына келтіру, арнайы белгі қою жұмыстары қалай жүргізілгендігі жайлы айтып берді. Сондай-ақ профессор бұл жерді киелі орындар картасына енгізу қажеттігі жайында мәселе қозғады. Оның айтуынша, облыста қасиетті жерлердің бірыңғай желісін құру өңірде туризмді дамытуға септігін тигізеді. Ал Ақмола облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаева шара барысында Елбасының мақаласын негізге ала отырып, әркім өзінің туған жерінің, елінің тарихына, елді мекендердегі киелі орындардың, мазарлардың, ескерткіштердің мән-маңызына жете бойлай түсуі керектігін, «Рухани қазына» бағдарламасына енгізуге өздерінің ұсыныстарын білдіруі қажеттігін айтты. «Қазіргі кезде ең бастысы киелі ескерткіштер желісін құрудың жолдарын қарастыруымыз қажет. Ол үшін мектептен бастап, өңірдегі тарихи-мәдени мұраларға көңіл бөлген дұрыс. Мектеп оқушылары жастайынан Қазақстан, оның ішінде Туған өлке туралы білулері тиіс», — деді Сәуле Бөрібаева өз сөзінде. Сонымен қатар, шараға қатысқан Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Қадыржан Әбуев жаңа бағдарлама жас ұрпақ үшін өз тарихымызды дұрыс жазып, қалдырудағы мәні зор екендігіне тоқталды.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің Кемал Ақышев атындағы археологиялық ғылыми зерттеу институтының директоры Марал Хабдуллина да өңірлерде жүргізген зерттеу жұмыстарының нәтижелері, жойылып кетуге шақ қалған ежелгі мазарлар мен киелі орындарды зерттеп-зерделеудің қажеттігі жайында айтса, аталмыш оқу орнының профессоры, философия ғылымдарының докторы, түркітанушы Раушан Көшенова атасы Иманжүсіп Құтпанұлының шығармаларында кездесетін жер-су атауларын Асан қайғының жер-жерді сипаттауымен байланыстырып, ұрпақтар сабақтастығына көңіл аударды. Ал, Ботай мәдениетін бірінші болып ашқан ғалым, Қостанай мемлекеттік педагогика институтының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Виктор Зайберт жобаға ұсынылатын ескерткіштер мен киелі орындардың мән-маңызына ерекше көңіл бөлуге, зерттеу кезінде мұқият болып, белгі қойылмаған киелі орындардағы тарихи тұлғаларды шатастырып алмау қажеттігіне басты назар аудару керектігін ескертті.
Шара барысында Қазақстанның киелі картасына «Хан ордасы — Көкшетау» деген атпен көрікті Бурабайдағы Абылай хан алаңы, «Ханның қызыл ағашы», Уәли ханның мазары, Кенесарының үңгірі, «Түрік қаған ордасы» деген атаумен Ерейментау ауданындағы Құмай этнопаркі — ежелгі және ортағасырлық мәдени мұрасы, Еңбекшілдер ауданындағы Біржан сал зиратындағы мемориалды-діни кешен, Қорғалжын ауданында орналасқан діни сәулет ескерткіштері, «Жәнібек-Шалқар» мазары, Бұланды ауданындағы Балуан Шолақ зиратындағы мемориалды стелла ұсынылатын болды. Жалпы, Ақмола облысы аумағында 1793 тарихи-мәдени мұра нысаны бар. Оның ішінде Зеренді, Ерейментау, Бурабай, Қорғалжын және Атбасар аудандары аумағындағы 1375 ескерткіш архелогиялық нысандар. Қазіргі кезде, облыстық мәдениет басқармасы жанынан жұмыс тобы құрылып, осы бағытта жұмыс істеуде.