Назарбаев мектебінің оқушылары қазақ тіліне шорқақ болып шықты

26 қаңтар күні мемлекеттік хатшы Гүлшара Әдбіқалықова мен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Ақтөбедегі Назарбаев мектебінде болды. Физика-математика бағытындағы мектепті аралап, оқушылардың шығармашылығымен танысты. Мемлекеттік хатшыға заманауи мектепті таныстырған «Назарбаев Зияткерлік мектептері» АҚ басқарма төрайымы Күләш Шамшадинова оқушылардың қазақ тіліне шорқақтығын айтып, алаңдаушылық білдірді.

«Биология сабағына кірдім. Оқушылар қазақша түсінбейді. Тілдік қорды молайтыңдар дедім. Қазақ тілді мектеп болғанымен, орысша ойлайды. Ағылшын тілі мен орыс тілін тез үйренеді. Ең қиыны — қазақ тілі болып отыр. Неге олай екенін, түсіне алар емеспіз?! Мүмкін, ортасы сөйлемегесін солай болатын шығар?»-дейді ол.

Мектепті аралап шыққан делегация оқушылардың ғылыми жобаларымен және қағазбастылықты азайту үшін жасалған компьютерлік бағдарламаның жұмысымен таныс-ты.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев 10 сынып оқушысы Айбар Шаймұхановтың көше атауларына қатысты жобасына ұзағырақ кідірді. Идея авторы Мұғалжар ауданының Ақкемер ауылындағы Хазірет Меңдіғалиев атындағы орталық көшенің атауын зерттеген. Болашақта ол облыс пен аудан орталығындағы көшелердің шығу тарихын анықтамақ. Мақсат – жастарға көше атын иеленген ұлы тұлғалар туралы мәлімет беріп, үлгі ету,-дейді мектеп оқушысы.

«Өзі тұрып жатқан көшенің қайдан, қалай шыққанын білмейтіндер бар. Бұл өте жақсы идея. “Көшелер мерекесін” жасау керек. Сол кезде осы мектеп оқушысы келіп, толық ақпарат берсе жақсы болар еді», — деді облыс әкімі.

Дереккөзkerek-info.kz