Отбасын құрғысы келетіндер үшін «Қалаулым» реалити-шоуы жарық көрді

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бағдарлама сүйіктісін тауып, отбасын құрғысы келетіндерге арналған.

Жобаның негізгі мақсаты — отбасылық құндылықтарды қолдау.

«Өзінің сүйіктісін тауып, отбасын құрғысы келетіндерге «Қалауым» жобасы – ол өмірлік жан серігі мен отбасылық бақытын шынымен тауып алудың нақты мүмкіндігі… Ал оны сырттай қарап отырып қызықтағысы келетіндерге бұл қилы күтпеген оқиғаларға толы, жан тебірентерлік өте тартымды шоу болады. Егер қысқаша айтатын болсақ, мұнда өз махаббатын іздегендер және міндетті түрде отбасын құруға ұмтылғандар кездеседі. Ал жәй уақытша қызық іздегендер іріктеу кезеңдерінде шығып қалады», — деді тележобаны ұйымдастырушылар.

«Қалауым» бағдарламасын әнші, актриса Аша Матай жүргізеді.

«Бұл — ХХІ ғасырда өте керек отбасылық жоба. Мен өмірдің қилы тағдарларын көріп отырмын, бұл жерде эмоция да өте көп, тіпті кейде менің өзім де кейіпкерлеріммен бірге жылап, күліп өзім үшін көптеген жаңалық ашамын. Бұл бағдарламаны барлығы көргісі келетіні айдан анық», — деді тележүргізуші.

Айта кетейік, аталмыш бағдарлама «Еуразия» бірінші арнасынан әр күн сайын түскі 12.00-де эфирге шығады.

ДереккөзKaztag.kz