Еламан Ерғалиевпен кездесу барысында спортшы балаларға чемпион болуға не керек екенін айтып беріп, өзінің әрі қарайғы жоспарларымен бөлісті, балалардың қойған сұрақтарына да жауап берді.
«Армияның орталық спорт клубы – бұл спортшылардың ұстаханасы. Мұнда спортпен шұғылдану үшін барлық жағдай жасалған. Лагерьге барғаннан кейін балалардың көбісінде спортпен айналысуға деген қызығушылық пайда болатынына кәміл сенімдімін», — дейді Еламан Ерғалиев.
Айта кетейік, «Жас Сарбаз» әскери-патриоттық лагері әскери қызметшілердің балаларына арналған. Оны биылғы жылдың маусым айында ҚР Қорғаныс министрлігінің қолдауымен ҚР ҚМ Армия орталық спорт клубының оқу-жаттықтыру орталығында ашылды. Онда балаларға арналған түрлі мәдени-тынығу және спорттық іс-шаралардың кең ауқымы қарастырылған. Атап айтсақ, Алматы қаласының көрікті жерлеріне экскурсия жасау, концерттік бағдарламалар өткізу, әртүрлі ойын-сауық байқаулары, АОСК-ның танымал олимпиадалық спортшыларымен кездесу және тағы да басқа шаралар.
Қазіргі уақытта лагерьде демалуға балалардың төртінші легі келген.