Алматы облысы әкімдігі тұмса табиғатымен көз тартар жерде мектеп оқушыларының жазғы демалысын өткізуге үлкен мүмкіндік жасаған. Бүгінде демалыс орындары жұмыстарын бастауға дайын. Жазғы демалыс маусымын алғаш болып мемлекеттік «Алтын Чажа» балалар сауықтыру лагері бастады. Мектеп оқушыларының қуанышымен Текелі қаласының әкімі Бахтияр Өнербаев бөлісіп, балаларды оқу жылының сәтті аяқталып, демалыстың басталуымен құттықтады.
«Балалар – біздің болашағымыз. Ертеңіміз. Елдігіміздің тірегі де осы жастардың арасында өсіп келеді. Біз ең алдымен осылардың балалық шағының бақытты өтуіне мүмкіндік жасауымыз керек. Ал, оқу жылын ойдағыдай тәмәмдаған соң, оқушылар үшін жазғы демалысын естен кетпестей етіп өткізу сөзбен жеткізе алмайтын бақыт шығар. Ендеше, маусымның ашылуы құтты болсын! Текелі табиғатынан тамаша әсер алып, уақытты да тиімді өткізулеріңізге сенім мол» — деді Текелі әкімі.
Жалпыға бірдей білім беру қорынан бөлінген 3 млн 293 мың теңге қаражатқа 160 оқушы осы орталықта тегін демалады. Ал, одан бөлек 90 оқушы ата-аналар мен демеушілер тарапынан қамтылыпты. Бұл туралы Текелі қаласының білім беру ұйымдары хабарлап отыр.
2017 жылдың жазғы кезеңдегі балалар мен жасөспірімдердің демалысын ұйымдастыру екі бағытта жүргізілмек: балалар мен жасөспірімдерді сауықтыру және балалар мен жасөспірімдерді еңбекпен қамту. Биылғы жыл облыс бойынша 1-10 сынып арасындағы 3772 оқушы аталмыш қалада осы екі бағыт бойынша жазғы демалыстарын өткізеді.
Текелі қаласының маңында балалар демалысына арналған үш жазғы лагерь жұмыс істейді. Мемлекеттік «Алтын Чажа» балалар сауықтыру лагері — 250 орынға, жекеменшік «Эдельвейс» спорттық-сауықтыру лагері — 210 орынға, жекеменшік «Бастау» тілдік лагері — 150 орынға лайықталған.
Сондай-ақ, қала әкімшілігі жыл сайын әлеуметтік аз қорғалған балаларды жазғы сауықтыру шараларымен қамтуды да басты назарда ұстап отыр. Аталған санатта 355 бала бар. 2016 жылы олардың 87,4%-на демалыс ұйымдастырылса, биылғы жыл бұл көрсеткіш 98,5%-ды құрап отыр.