Гольф жарысына арнайы бағдарлама аясында тегін шұғылданатын 80 бала қатысты. Қатысушылар 10 жасқа дейін және 10 жастан кейін болып екі топқа бөліп ойнады. Жарыс барысында балалар шамамен 2 км қашықтықты жүріп өтті.
«Нұртау» гольф-клубының бапкері Санжар Уакасовтың айтуынша, гольф жарысы осымен төртінші рет өтіп отыр.
«Жасөспірімдер арасындағы гольфты елге таныту мақсатында осымен төртінші жарыс өткізілді. Алдағы уақытқа тағы 6 шара жоспарланған, соңында Академия Кубогының жеңімпазы анықталады. Мұнда жаңа оқушылармен қатар, кәсіпқой жеткіншектер де қатыса алады. Әлбетте, олар бөлек, тәжірибиелері мен жетістіктеріне байланысты бәстеседі, — деді «Нұртау» гольф-клубының бапкері Санжар Уакасов.
«Екі ай бұрын өткен жарыста бақ сынасып, күмісті олжалағанмын. Осы кезең мен үшін оңай берілген жоқ. Алайда, біршама қиын турнирлер әлі алда екенін түсінемін, барымды салып, аянбай еңбек етемін. Гольф – еңсеңді босататын ойын, мен бұл спорт түрінен ләззат аламын. Енді шеберлігімді арттыруға тырысамын, — дейді жарысқа қатысушы Дәулет Амангелді.
Осы кезеңнің нәтижелері бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер медальдермен марапатталды.
Балалар арасындағы жарыстың келесі кезеңі тамыздың 10-ы күні «Жайлау» гольф-клубында өтетін болады.
Айта кетейік, 20 тамыз күні «Нұртау» клубында балалар арасында гольфтан Қазақстан чемпионаты «Junior Kazakhstan open» өтеді.