Басты бетЖаңалықтарЖұлдызды соғыстар...

Жұлдызды соғыстар кейіпкерлері тұңғыш рет қазақ тілінде сөйледі

Жаңа, қызықты эпизодтарға толы «Жұлдызды соғыстар: күштің оянуы» / «Звездные войны: Пробуждение силы» атты фантастикалық фильм  – дубляждау бойынша жобаны қолға алғаннан бастап қазақ тіліне аударылған он үшінші кино туынды болып есептеледі.

Дубляждың режисері Тимур Балымбетов үшін бұл «Галактика сақшылары» мен «Кек алушылар» картиналарынан кейінгі үшінші дубляждау жобасы болып отыр. Жоба туралы режиссер былай дейді: «Мен бұл жобаға үлкен ұстамдылықпен келдім, бұл жай ғана қатардағы фильм емес, адамзат онжылдық уақыт күткен атақты дастан».

Қазақ тіліндегі дубляждау жобасына 25-тен аса актерлар тартылған. Олардың ішінде: «Жұлдызды соғыстар» картинасының басты кейіпкерлерін өздерінің дауыстары арқылы сөйлете білген Шахмұрат Ордабаев (Финн), Сауле Тұрдахунова (Рэй), Жасұлан Байсалбеков (Кайло Рэн), Бекболат Құрманғожаев (Хан Соло), Гүлназ Әуесбаева (Маз), Самат Қордабаев (По) сынды актерлар болды.

Жобаны ұйымдастырушылар: Алматы әкімдігінің, «Нұр Отан» партиясының және «MARWIN»  компаниясының қолдауымен «Болашақ» Қауымдастығы. Бас демеушілер: «Ordabasy group» ЖШС және «Южный центр» ЖШС.

Іс-шараның мақсаты — Алматы қаласының жастары арасында фильмдерді қазақ тілінде көру әдетін қалыптастыру. Көрсетілімге аль-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті, Алматы технологиялық университеті, Еуразия технологиялық университеті және т.б. алматылық жоғарғы оқу орындарының 100-ден аса студенттері қатысты.

Голливудтық фильмдерді қазақ тіліне дубляждау жобасын ең алғаш ұсынған Алматы қаласының әкімі Байбек Бауыржан Қыдырғалиұлы болды. Жобаның мақсаты -мемлекеттік тілді дамыту, «Мәңгілік ел» бағдарламасын жүзеге асыру жолында еліміздің халықаралық танымалдылығына оң ықпал ету. Бүгінде қазақ тілі DVD және Blu-Ray форматтарында көрсететін голливудтық кинолардың негізгі тілдерінің біріне айналды.