Басты бетТанымҚайрат Рысқұлбековтің...

Қайрат Рысқұлбековтің соңғы хаты: «Құдай куә, мен қылмыскер емеспін!»

«Құдай куә, мен қылмыскер емеспін!» Қайрат Рысқұлбековтің соңғы  хаты»

«Анашым, аяулы әпкелерім, аға-жеңгелерім мен тәп-тәтті балақайлар! Сендерден денсаулықтарыңды, қалай өмір сүріп жатқандарыңды сұрамай-ақ қояйын. Бәрібір қатал тағдыр оны маған көрсетпейтін сияқты. Алайда, мен екі дүниеде де Алладан бір-ақ нәрсені: амандықтарыңды, сендерде бәрі жақсы болғанын тілеумен боламын.

Соттың соңғы шешімі туралы естіген де боларсыздар, өлім жазасын 20 жылға қамаумен алмастырды. Мүмкін, мұны естіп қуанып қалған шығарсыздар. Сонда да, барлық шындықты өзім баяндап берейін.

Осыдан біраз уақыт бұрын бір сатқын жала жауып, басыма қайғы-мұңның қара бұлты үйіріліп қалды. Әйтеуір бір күні барлық шындықты еститін шығарсыздар деп ойлаймын. Болған жағдайдың бәрін Талғат біледі. Мен оған ештеңені жасырмастан, бәрін баяндап жазып жібердім. Ол болса, аға ретінде маған сөз берді. «Үш, тіпті отыз жыл өтсе де, Отан алдындағы борышымды өтеп келген соң, міндетті түрде әділеттілікке әділ түрде қол жеткіземін!»-деді. Мен оған сенемін. 

… Менің кінәлі емес екенімді сіздер білесіздер ғой. Адам баласы тұрмақ, шыбынға да қиянат жасаған емеспін. Енді біреудің жаласының кесірінен ату жазасына кесілдім. Бұл — «түйе иненің көзінен өтіпті» деген сияқты ақылға сыйымсыз дүние. 

1986 жылы 18 желтоқан күні алаңда болғанымды жасырмаймын. Ол жаққа бәрін өз көзіммен көру үшін ғана бардым. Алаңда қазақ қыздарын өлімші қылып сабап жатқанын естігенде, үйде тығылып жатуға жігіттік намысым ерік бермеді. Мен «жігіт» деген атаққа лайық емес, қолынан түк келмейтіндердің қатарынан емеспін. Құдайға шүкір, бойымда нағыз жігітке тән намыс пен жігер бар. 

Қысқаша айтқанда, алаңға әйелдерді қорғау, арашалау үшін бардым. Оны шамам жеткенше орындадым да. Бұныма мақтанбасам, ешқашан өкінген емеспін. Бірақ Құдай куә, мен қылмыскер емеспін! Ондай айуандыққа бармаймын. Ешқашан…

Бір милиционерді ұрғаным рас. Ол әйелді шашынан ұстап, көкпар ойнағандай сүйреп жүрді. Бірақ ол әлі күнге дейін түк болмағандай жер басып, тірі жүр. Ал басқа жалалардың бәрін ұятсыз, арсыз, жалған куәгерлер жапты. Мен оған сенімдімін. 

… Иә, ешқандай қылмыс жасамастан, өлім жазасына кесілдім. Себебі, қандықол қылмыскер емес екенімді, кінәсіздігімді дәлелдей алмадым. Бәлкім, мына жалғанда барлық пендеге өзінің сүттен ақ, судан таза екенін дәлелдеу қиын шығар. Мен де солардың бірімін…

Естіген шығарсыздар, ату жазасын 20 жылдық қамаумен алмастырды. Әрине, бұл біреу үшін қуаныш, біреуге жұбаныш, енді біреуге азап болса, мен үшін ештеңені өзгерткен жоқ. Мен жеңілдемедім. 

Анашым менің! Түсініңізші, мына тас зынданда жазықсыздан-жазықсыз отырғым келмейді. Он бір айдың ішінде әбден қажып, шаршап кеттім. Жиырма жыл бойы менімен бірге сіздердің де қиналатындарыңызды ойлағым да келмейді. 

Менсіз де тағдырдың көптеген тепкісіне шыдап келесіз ғой, енді оған жиырма жыл бойы менің азабымның қосылғанын қаламаймын. 

Қымбатты анашым! Жеткен жерім осы болды. Аяғыңызға жалбарынып, ақ сүтіңізді ақтай алмаған бақытсыз ұлыңызды кешіруіңізді сұраймын. Жалынамын, кешіріңіз!.. Ерте ме, кеш пе, нағыз қылмыскер табылады! Оған бар жүрегіммен сенемін. 

Менің өліміме тек сот пен тергеушілер кінәлі!

Өздеріңізге деген махаббатпен, сағынышпен сүйдім!

Қош! Қош бол, жарық дүние! О дүниеде бақыт болса, сол жақтан табармын. 

Ұлыңыз Қайрат»

Қайрат Рысқұлбеков
Желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтар сот залында, Алматы, 1987 жыл. ©ratel.kz

Мұхтар Шахановтың комиссиясы бұл хатты қатты күйзеліс кезінде жазылған деп таныды.

Осыдан 30 жыл бұрын, 1987 жылы 25 мамырда желтоқсан көтерілісіне қатысқан Қайрат Рысқұлбеков, Қайыргелді Күзембаев, Жамбыл Тайжұмаев пен Ертай Көбесбаевтардың ісіне қатысты тергеу жұмыстары жүргізілді. Өлім жазасына кесіліп, соңынан 20 жылға бас бостандығынан айырылған Қайрат 1988 жылдың 21 мамыры күні камерасынан өлі күйінде табылды. Денесі ата-анасына берілместен, Семейде жерленді.

Ал, 1992 жылдың 21 ақпанында Қайрат толығымен ақталды. Тәуелсіздіктің 10 жылдығы қарсаңында Елбасының жарлығымен «Халық Қаһарманы» атағы мен «Отан» ордені берілді.

ДереккөзRatel.kz