Жетістіктері:

2013 жылғы әлем чемпионы,

2012 жылғы Азия чемпионы,

4 дүркін Әлем кубогының иегері

«Қолмен соққы жасауға мықтымын»

Спорттың бұл түрімен 1999 жылдан бері  айналысып келемін. Өздеріңіз білетіндей, осы уақытқа дейін көптеген жетістіктерге жеттім. Неге кикбоксингті таңдадым? Өйткені, өзге спорт түрлеріне қарағанда ерекше. Аяқпен де, қолмен де соққы жасай береміз. Сол үшін де бұл жан-жақты спорт түрі болып есептеледі.

Спортқа келгелі бері мені Атырау облысында кикбоксингтің негізін қалаушы, ҚР Еңбек сіңірген бапкері Қасанғалиев Сүндеткерей жаттықтырып келеді. Ол кикбокстан үш әлем чемпионын шығарған. Біріншісі — Марат Айтқалиев, екіншісі — Қуанышбек Қосақов, үшіншісі — мен. Бапкерлік — ең ауыр жұмыс. «Плохой тренер — хороший спортсмен, хороший тренер-хороший спортсмен» деген бар. Өзім «Плохой тренер — хороший спортсменге» жатамын. Баланы жаттықтырып көргеніммен қолымнан келмейтінін түсіндім.

Абзал Дүсіпов
©azh.kz

Ал, Сүндеткерей Қасанғалиев кішкентай кезімнен маған кикбоксингтің «әліпесін» үйретті, жарысқа дайындады. Әлі де бұл салада ақыл-кеңестерін беріп келеді. Тренерім бұрын боксшы болған. Кезінде мен де 2009-2010 жылдары  бокспен шұғылдандым. Үлкен жарыстарды ұтпасам да, халықаралық турнирлерде жеңіске жеттім. Содан болар, қолмен соққы жасауға мықтымын.

Әрбір спортшының өзінің жақсы көретін соққысы, құпия тәсілдері болады. Ал менің «коронный» соққым — «бауырдан ұру». Мұны маған бапкерім қойған.

«Әлем чемпионатында Зайцевті жеңгенде қатты қуандым»

Кикбоксингтен ең алғашқы жеңісімді есіме алсам, 2004 жылы Қазығұрт ауданының 75 жылдығында халықаралық турнир өткен болатын. Сонда алтын медаль иелендім. Ол кезде 14 жаста едім. Сезініп үлгермеген болуым керек, тап сол кездегі көңіл-күйім есімде жоқ.  Ал одан кейінгі өзім қатты қуанған жетістігімді айтайын. 2013 жылғы Әлем чемпионаты кезінде жартылай финалда әзірбайжандық қарсыласты ұтқанмын. Ол кезде қарсыласым бес дүркін Әлем чемпионы болды. Жеңіске жеткеніме сол уақытта сене алмадым.

Абзал Дүсіпов
©Vesti.kz

Әлем чемпионатының финалында ресейлік Зайцев Александр деген спортшымен шықтым. Ол кезде Александр 2011 жылғы Әлем чемпионы еді. Сескенгенім рас. Финалда қарсыласымнан бірінші, екінші раундта ұтылып, үшінші раундта жеңдім. Мен үшін ең қиын кездесу сол болды. Неге қиын болды дейсіз ғой. Өйткені, ол мықты спортшы. Одан кейін Әлем чемпионатының финалы болғандықтан, психологиялық, моральдік тұрғыда ауыр тиді. Мен осы қарсыласымды жеңген соң Әлем чемпионы атандым. Қазір Александрмен кездесу ойда жоқ. Бірақ, кездесіп қалуым мүмкін. Себебі, екеуміз бір салмақтамыз.

Айтқандай, осы жылы қарашада Венгрияда Әлем Чемпионаты өтеді. Қазір соған дайындалудамыз. Мүмкін, сол кезде Александрмен кездесіп қалармыз.

Жекпе-жек болар алдында алдымен қарсыласымызды зерттейміз. Бір ай бойы видеосын, жекпе-жектерін көреміз. Соған қарап жаттығамыз. Мәселен, ол аяқпен жиі соққы жасаса, соған орай тактикаға әзірленеміз. Осының бәрі мен үшін жеңіске жетудің формуласы болып есептеледі.

Абзал Дүсіпов
©Alashainasy.kz

«Спортты тастап кеткім келген кез болды, бірақ…»

Елімізде спортшыларға жағдай жасалған. Түрлі жарыстарға жіберіп тұрады. Ол жағынан проблема жоқ. Бірақ, үкімет жағынан кикбоксингпен айналысып жүрген спортшыларға қолдау жоқ. Қанша жарыстардан жүлдемен келдік, әлі де болса пәтер не көлік алған спортшыны көрмедім. Ал қатысатын барлық жарысымызға Атыраудағы денешынықтыру басқармасының басшысы Бекет Азамат ағамыз көмектесіп тұрады.

Қай саланың болмасын өз қиындығы бар емес пе?! Спортта да солай. Тіпті, спортшыларға жалақы да төленбейді. Соқтықпалы-соқпақты жолдармен жүріп, қиындықтармен бетпе-бет келгенде іштей демеу күтесің. Бірақ қолдау таппаған кезде шыны керек бәріне қол сілтеп, баз кешіп кеткім келген сәттер болды. Алайда «елімнің көк байрағы әлем төрінде желбіресін», «мен осыған жетуім керек» деген мақсатым аяғымнан нық тұрғызды. Аллаға шүкір, арманым адастырмады.

Елімізде олимпиадалық спортқа көп көңіл бөлінеді. Ал кикбоксинг олимпиадалық емес спорт түріне жатады. Менің спортпен айналысқаныма 18 жыл болды. Осы 18 жыл ішінде Үкіметтен ешқандай көмек, қолдау көрмедім. Жарысқа баруыма көмектескенімен, ұтып келгенде қолдау жоқ. Сол жағы қиындау.

Жеке өмірім туралы айтсам, үйленбегенмін. Отбасын құру әзір ойымда жоқ. Алдымен аяққа тұрып алу керекпін. Болашақ жарымды иманды, тәрбиелі қыз деп елестетемін.

Спортшыдан кеңес

Кикбоксингке баланы 8-9 жастан бастап беру керек. Өйткені, 10 жасында баланың бұлшық еті қатая бастайды. Атырау қаласында кикбоксингтен жақсы бапкерлер өте көп. Ең қызығы, тегін үйретіледі.

Бұл спорт түрінде дұрыс айналыспағаннан баланың қол-аяғы сынып не шығып кетуі мүмкін. Көбінесе мұрнын сындырып алып жатады. Сол үшін кикбоксингке арналған қорғаныстар, формалар бар. Барлық жағдайда да абай болу керек. Шынымды айтсам, әлі жарақат алып көрмеппін.

Спортшы өз-өзіне қарау керек. Өзін дамыту үшін жеке күнделігі болуы тиіс. Көп кітап оқыса, ойлау қабілеті жақсарады. Осы орайда өзім оқыған Ник Вуйчичтің «Жизнь без границ» кітабын ұсынамын.

Астанада спортшылардың кәсіби клубы ашылды. 22 шілдеде кәсібилер арасында кикбоксингтен жекпе-жекте жеңіске жеттім. Енді тамыздағы жекпе-жекке дайындалудамын. Егер, бәрі ойдағыдай болса, үлкен жобаға контракт жасаймыз.

Сұхбаттасқан Айзада Жайыққызы

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар SZH.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!