— Алдыңғы сұхбаттарыңызда «Астана» құрамасының маусым басындағы қиыншылықтарына қарамастан, жеңіске жету үшін барын салатынын айтқан едіңіз. Тоғыз кезең артта қалды. Құраманың қазіргі нәтижелері қандай?
— Гран-турдың алғашқы кезеңдерінен бастап жақсы нәтиже көрсетіп жатырмыз. Биылғы «Тур де Франстағы» «Астананың» құрамы ерекше: қатысып жатқан спортшыларымыздың тең жартысы отандастарымыз. Олар: Алексей Луценко, Андрей Зейц, Дмитрий Груздев пен Бақтияр Қожатаев. Алдағы жарыстарда құраманы толығымен отандастарымыздан жасақтауды жоспарлап отырмыз. Қазіргі тоғыз спортшымыз да жеңіске жету үшін барын салып жатыр. Мысалыға, Луценко өзін сенімді ұстайды — ол осыған дейін де бірнеше гран-турларға қатысқан. Қожатаев болса, екінші рет қатысып жатыр.
Қазіргі жарқын жетістігіміз ретінде Фабио Арудың 5-кезеңдегі жеңісін айта аламын. Онда мәре сызығы тауға қарай орналасқан болатын. Ару сол 2,4 шақырымды асқан шыдамдылықпен еңсерді.
Кешегі 9-кезеңдегі нәтижеміз де жақсы. Қазіргі көрсеткіштер бойынша Фабио Ару 2-орында тұр. Ал, Якоб Фульсанг — 5-орында. Жалпы алғанда, «Астана» құрамасы «Тур де Франстағы» жеңіске үміткер басты құрамалардың бірі екенін көрсетті.
— «Астана» клубының мүшелері «Тур де Франспен» бірге «Австрия турында» да бақ сынады. Бұл көпкүндік жарыстағы нәтижелер қандай?
– 9 шілде күні аяқталған жарыста спортшыларымыз бірінші күнінен-ақ үздік нәтижелерімен көзге түсті. Оскар Гатто мәреге бірінші болып жетсе, Мигель Анхель Лопес екінші келді. Екінші кезеңде Лопес 3-орын алды. Бұл — өте жасқы көрсеткіш.