МС Сайлаубек сайлауға түсетін болды

Асылан Бақытжан, МС Сайлаубектің продюсері:

–  Асылан, соңғы күндері Сайлаубек бауырымызды ҚР Парламент Мәжілісіне депутат етіп сайлау керектігі жөнінде сөз қозғалып жатыр. Бұл мәселеге қатысты өздеріңіздің ойларыңызды білсек деп едік.

– Мұндай ұсынысты естіп, біз де ойланып қалдық. Кешелі бері тиісті адамдармен ақылдасып, Сайлаубектің кандидатурасын депутаттыққа ұсынудың жолдарын қарастырып жатырмыз. Құдай қаласа, Сәкеңнің қолдаушылары көп, депутат болу мүмкіндігі бар деп ойлаймыз.

– Сайлаубектің өзінің ойы қандай? Депутат болғысы келе ме? Ол кісімен сөйлесе аламыз ба?

– Сәкең депутат болуға қарсы емес. Сайлаубек қазір «баняда». Сөйлесе алмайды. Бір сағаттай шомылады. Шомылып болған соң, тілдесуіңізге болады.

– Сәкең депутат болса, халық қалаулысы ретінде қандай мәселелерді шешуге бел сыбана кірісуі мүмкін?

– Бұл жайт әзірше құпия болып қала тұрсын…

– Сайлаубектің атының өзі қызық. Ол кісінің аты неліктен Сайлаубек қойылғанын білесіз бе?

– Әрине, мен ол кісінің өмір-тарихымен толық танысқан адаммын. Бұл атты Сайлаубектің атасы қойған. Ол атамыз көріпкел адам болыпты. Бастапқыда немересінің атын «Сайлаухан» деп қоймақшы болған екен, кейіннен Сайлаубек деген ат бұйырыпты.

– Бәлкім  атасы бүгінгі жағдайды, немересінің Парламент сайлауына депутат ретінде қатысатынын болжап, осылай ат қойған шығар…

– Енді оны нақты білмеймін. Бірақ, көріпкел адам немересінің атын бұлай бекер қоймайды ғой.

– Сіздер қай партия арқылы сайлауға түсуді ойлап отырсыздар? МС Сайлаубек қай партияға мүше болмақ?

– Оны әлі шешкен жоқпыз. Бұл идея айтылғалы бір-ақ күн уақыт өтті ғой. Бүгін ақылдасып, қай партияға мүше болатынымызды шешеміз. Сосын сайлауға дайындықты бастамақпыз…

– Әңгімеңізге рахмет

ДереккөзАбай