ҚР Президентінің кадр саясаты жөніндегі Ұлттық комиссиясының ұсынысы және Мемлекеттік қызмет істері мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің келіcімі бойынша Алматыда бірқатар кадрлық тағайындаулар болды.
Қала әкімі Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы жаңа басшысы, Бағдат Манзоровтың алдына принципті және жүйелі істі талап ететін бірқатар міндеттерді қойды. Олар: Қалада салынып жатқан барлық нысандарға жүйелі бақылау жүргізілуі тиіс. Осы жылдар ішінде көптеген тұрғын кешендерінің, коммерциялық нысандардың бірқатары заңсыз салынған. Құрылыс жүргізуге лицензия беру ісін реттелуі тиіс. Өйткені, лицензия алған кейбір жауапкершілігі төмен құрылысшылар сапасыз нысан салады, соның салдарынан тұрғындардан көп шағым түседі.
Сондай-ақ, Алматы әкімі Мемлекеттік еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасы жаңа басшысы, Талғат Разақовтың да алдына жаңа міндеттер қойды. Жаңа басшыға басқарма жұмысын түбегейлі өзгертуді, сараптама жасауға басты назар аударуды, нақтылы мәселелерді жүйелі шешу тапсырылды.
Жалақы төлеудегі қарыз мәселесін нақтылы шешіп, жұмысты оңтайландыру қажет екенін атап өтті. Еңбекақы бойынша қарыз болып қалмаудың тиімді жолдарын іздестіру керектігін айтты. Зейнетақы төлу Орталығымен, салық жөніндегі мемлекеттік кіріс департаментімен бірігіп жұмыс істеу керектігін нақтылады. Қазіргі кезде Мемлекеттік еңбек инспекциясы тек шағым түскен кезде қимылдайды, мұндай немқұрайдылыққа жол берілмеуі тиіс екенін жеткізді.
Алматы әкімі жаңа басшынының назарын көлеңкелі экономика мәселелерін шешуге, соның ішінде көлеңкелі жұмыс күшінің заңсыздығына, құрылыста қауіпсіз еңбекті қамтамасыз етуге аударды. Зейнетақы қорына қаржы аудармай, салық төлемей, конвертпен жалақы алатындарбар екені, кәсіпорындарда көптеген қайғылы жайттардың орын алатындығы жасырын емес. Міне, осы келеңсіз жайттардың барлығына тосқауыл қойылуы тиіс.
Айта кетейік, Алатау ауданы 9 жыл ішінде жедел қарқынмен дамыды, мұнда 4 жаңа емхана, 9 мектеп, 12 мемлекеттік бала бақша, Атлеттер ауылы, «Алматы арена» салынды. «Алғабас-6», «Нұркент», «Ақкент» ықшам аудандарында тұрғын кешендерінің құрылысы жалғасуда. 9 жыл ішінде ауданда өндіріс өнімі 12,3 есе, инвестиция 32 есе өсті. Салық түсімі 3 есе артып, 22,5 млрд. теңгені құрады.
Сондай-ақ, Жетісу ауданында соңғы 4 жыл ішінде салық түсімі 21%-ға артты, өндіріс өнімі 30 млрд. теңгеге (22%) жетті, негізі капитал инвестициясы екі есе өсті, 14 жеке бала бақшалар мен 11 миниорталықтар ашылды.