«Бүгінде мен аса абаймын, аса талғамшылмын. Сүю… бәлкім өмірде тағы сондай мүмкіндік болатын шығар. Қазірде өмірімде ер азамат бар. Бірақ қарым-қатынасымыздың қаншалықты байыпты екенін әзірге айта алмаймын. Бүгінде маған еппен, абаймен қарайтыны ұнайды. Мен сабырлы бола түстім, ұйқым қайта оралды… өйткені бұрынғы қарым-қатынастарымда ұйқысыздықпен ауыратынмын, 10 күн бойы ұйықтай алмаған кездерім болған» — деді музыкант.
Скрипкашы жеке өмірінің біраз беттерін ақтарып, сырын ашты. Бұған дейін екі рет ажырасқанын да жасырмады. Бірінші күйеуімен Қазақстанда танысқанымен, жұмысы бойынша Францияға көшуге мәжбүр болған. Сол жақта отбасын құрып, ұлы дүниеге келеді. Скрипкашы өзге елде де жүрсе де скрипкасын қолынан тастамай, түрлі концерттерге қатысып, өз көрерменін таба алады. Дегенмен, шетелдегі түрлі қиыншылықтарға шыдай алмаған музыкант өз еліне қайтуды жөн көреді. Осылайша ұлының әкесімен біржолата ажырасады.
Екінші рет ол өз бақытын Қазақстанда табуды көздейді. Осылайша телеарналардың бірінің басшысымен көңіл жарастырып, отбасын құрады. Алайда бұл жолы да музыканттың жолы болмайды. «Мен үйдің берекесін келтіруге, жайлы етуге тырыстым, әрдайым тәттілер жасадым. Көбі мен ақсаусақ деп ойлайды, бірақ олай емес, мен оған бәліш те, манты да жасадым… Онымен ұрсып қалсақ, мен әрдайым үндемейтінмін, кешіруге болмайтын заттарын кешірдім… осылайша 10 жыл ішінде немқұрайлыққа тап болдық. Егер осылай жалғаса берсе тіпті жаман болады деп, осы некені бұзуға шешім қабылдадым»- дейді ол.
Сонымен қатар, Жамиля Серкебаева жалғыз ұлы жайлы да сөз қозғады. Оның музыкант болғанын қаламай, авиация мектебіне бергенін айтты. «Ол лицейде жүріп, біраз есейді. 8 наурызға консерваторияда маған сыйлық жасап жатқанын білемін. Ұлдарды тәрбиелеу қиын. Оның тәрбиесіне атсалысқан ата-анам болғанынан алғысым шексіз» — деп аяқтады сөзін скрипкашы.
Сурет: pandaland.kz