Басты бетЖаңалықтарБақытжан Сағынтаев...

Бақытжан Сағынтаев Қызылорда облысында МӘМС жүйесін енгізуге дайындық барысымен танысты

Облыстық көпбейінді балалар ауруханасында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ақмарал Әлназарова Бақытжан Сағынтаевқа МӘМС жүйесін енгізуге даярлық пен өңірдің медициналық мекемелері мен денсаулық сақтау саласын дамыту келешегі туралы баяндады.

Облыста халық арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, облыстың барлық тұрғындарынан МӘМС жүйесіне қатысушылардың статусы анықталды. Қазіргі таңда емханаларға тіркеу науқаны жүргізіліп жатыр.

Балалар ауруханасын аралау кезінде, Бақытжан Сағынтаевты мекеменің жабдықталуы мен кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі аясында балаларды білікті емдеу шаралары туралы ақпараттандырды.

МӘМС жүйесі мемлекет, жұмыс беруші және азаматтар арасындағы ынтымақтастық қағидаларына негізделген.

Мемлекет халықтың әлеуметтік осал топтарына, жұмыс берушілер – жалдамалы қызметкерлеріне, ал жұмысшылар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар – өздеріне жарна төлейтін болады. Осылайша, бірлескен жауапкершілік негізінде қаражаттарды тиімді бөлу қағидасы іске асырылады.

Жүйенің әрбір қатысушысы өзіне қажетті медициналық және дәрі-дәрмек көмегін алатын болады, бұл азаматтардың жарнасының сомасына байланысты емес – міндетті медициналық сақтандыру пакеті барлығына бірдей.

2017 жылғы 1 шілдеден бастап жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударымдар мен жарналарды төлей бастайды, ал 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап – мемлекет пен белсенді емес халық және 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап – жалдамалы жұмыскерлер төлейтін болады.