«Димаш бүгiн қазақ, ағылшын, француз, қытай, орыс тiлдерiнде ән шырқайды. Қазақстандық композиторлар мен әлемдiк хит әндердi орындайды. Бiрнеше жаңа әннiң тұсауы кесiледi. Бұған дейiн ҚР Мәдениет және спорт министрлiгi ағайынды Меладзелер мен Лара Фабианды ұсынған болатын. Дегенмен, шығармашылық топ ақылдаса келе, басқа шетелдiк әншiлерге тоқталды. Болашақта Лара Фабианмен дуэт бәрiбiр болады деген ойдамын, оған асығыстық жоқ. Олардың шығармашылығында ұқсастық өте көп», — дедi Димаштың әкесі.
Димаш Құдайберген дуэт айтқан әншілер — Майра Мұхамедқызы, ресейлiк әншi Кристина Орбакайте. Кристинамен «Опять метель» әнiн орындап, шағын қойылым қойды. Сондай-ақ, шоуда Софи Эллис Бекстор мен «Еуровидение» байқауының жеңiмпазы әншi Лорин ән шырқады. Концертке дайындық 2 жарым ай бойы жүргiзiлген.
«Концертте астаналықтар, Қазақстанның түкпiр-түкпiрiнен келген азаматтарымыз басым. Одан кейiн билет сатып алған шетелдiктер арасында Қытай, Ресей алдыңғы орында. Сондай-ақ, ТМД, Еуропа елдерi, мәселен Германия мен Франция және Америка, Австралия, Сингапур, Малайзия сияқты мемлекеттерден келiп жатқандар бар. Шетелдiктер барлық көрермендердiң шамамен 30-40 пайызын құрайтын шығар. Билеттiң барлығы өттi. Жарық, дыбыс, барлығы сапалы. Концерт 100 пайыз жанды дауыспен өтедi», — дедi Асхат Маемиров.
Ал Димаштың әкесiнің айтуынша, ұлының концертiн тамашалауға оның ата-әжесi де келген.
«Димашты 5 жасынан бастап сахнаға шығарған солар. Ұлым оларды ең басты сынайтын ұстаздарым деп атайды», — дейдi әкесi.
«Әншiнiң өнерi бiр ғана мемлекетпен шектелiп қалмауы керек. Димаш қазақтың баласы, қазақтың жерiнде тұрады, бiрақ ол өзiн тыңдайтын, өзiн құрметтеп-қадiрлейтiн бүкiл елде ән салуға даяр. Бiзге ТМД, Қытай, Еуропа, Америка елдерiнен әрiптестiк орнатуға түрлi ұсыныстар түсiп жатыр. Солардың барлығымен жұмыс iстеуге бiз дайынбыз. «Америка дауысы» конкурсы да ұсыныс жасады, дегенмен әзiрге, конкурстарды тоқтата тұрсақ деймiз. Өйткенi Димаш соңғы кездерi көптеген конкурсқа қатысты, оның барлығы оңай емес», — деп түйiндедi әншiнiң продюсерi Қанат Айтбаев.