Парижде Франция-Германия кездесуі кезінде жарылыс болды

Франция астанасы Парижде бірнеше лаңкестік жарылыстар ұйымдастырылып, елде төтенше жағдай жарияланды. Жарылыстардың бірі «Стад-де-Пранс» стадионындағы Франция мен Германия құрамалары арасындағы жолдастық кездесу кезінде орын алды.

Жанкүйерлер асыға күткен футбол кездесуін ел президенті Франсуа Олланд та тамашалауға келген. Жарылыс ойынның бірінші таймы кезінде стадион маңында орын алды. Жанкүйерлер қатты шыққан дүрсілді отшашу дауысы екен деп мән бермеген. Кездесу соңына дейін жалғасып, ойында алаң иелері Оливье Жиру мен Андре Пьер-Жиняктың соққан голдарының нәтижесінде жеңіске жетті.

Лаңкестік жарылыстан кейін ел президенті тікұшақ арқылы қауіпті аймақтан кетті. Ал жиналған жанкүйерлер ойын соңынан алаңға шығып, биліктің шешімін күтті. Кейіннен жергілікті полицейлер аймақты қоршауға алып, жанкүйерлердің үйлеріне қайтуына рұқсат берді.

Парижде бүгін бірнеше лаңкестік оқиғалар орын алып отыр. Стадиондағы жарылысқа дейін жергілікті дәмханалардың бірінде атыс болса, «Батаклан» концерт залында лаңкестер 100-ге жуық адамды кепілде ұстауда. Сондай-ақ, Лувр мұражайы аймағында да жарылыс болғаны туралы айтылуда. Лаңкестік оқиғадан зардап шеккендер мен қаза болғандардың саны сағат санап артып келеді. Қазір Францияда төтенше жағдай жарияланып, шекара қызметін шектеді.