Танымал қазақтардың электронды базасы жасалады

Бүгін Астанада Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында сөз сөйлеген Елбасы Үкіметке бірнеше тапсырма берді.

«Қазақстан басқа мемлекеттерде тұрса да, өзінің өнерімен, білімімен қазақтардың атын шығарған адамдарды, талантты тұлғаларды білуі керек. Мен Үкіметке танымал қазақтардың электронды базасын жасауды тапсырамын. Бұл тарихи отанында тұрмайтын қазақтарға жол ашады. Қоғамдық сананың жаңғыруы — қазақтардың жаңғыруы. Бұл барлық қазақтардың бірлігі. Басты мәселе осында. Ал оған тек Қазақстандағы ынтымақ пен бірліктің арқасында қол жеткізуге болады»,- деді Елбасы.

Айта кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев құрылтайда қазақтардың негізгі тарихи отаны Қазақстан екенін айта келе, Үкіметке шетелдегі қазақ балаларының елімізде білім алуына мүмкіндік беретін арнайы стипендиялық бағдарлама жасау мен жырақта жүрген қазақ бауырларымызды қолдауға арналған «Отандастар» қорын құруды да тапсырды.