Басты бетҚоғам1 шілдеде...

1 шілдеде Қазақстан халқының саны 18 миллионға жетеді — Нұрсұлтан Назарбаев

Елбасы өз сөзінде тәуелсіздік алған тұста елдегі демографиялық жағдайдың өте ауыр болғанын айтты.

«Өткен 20 ғасыр қазақ үшін қияметке толы, өте ауыр жылдар болды. 1921, 1930 жылдары аштықтың салдарынан қазақтың тең жартысынан айырылдық. Біріншісінде 30 проценттен, екіншісінде жартысынан айырылдық. Егер сондай опат болмағанда, қазір еліміздегі қазақтың саны 50-60  миллионнан асып жығылатын еді. Одан кейін репрессия жылдары 103 мың адам сотталды. 65 мың қазақтың бетке ұстар зиялылары тұтқынға түсті. Оның 25 мыңы атылды. Сол қазақты басқаратын білімі бар, қазақ үшін сөз айта алатын адамдардың барлығын тамырына балта шауып, жойды. Соған қарамастан қазақ өркендеп, қайтадан өсіп келеді»,  — деді Мемлекет басшысы.

Елбасының айтуынша, тәуелсіздік алған жылдары елімізде 17 миллион халық болған. Алайда, түрлі тарихи жағдайларға байланысты басқа ұлт өкілдері өздерінің атамекеніне көшіп кетіп, халық саны 14 миллионға түсіп қалған.

«Құдайға шүкір, қазір жағдайдың жақсаруына қарай еліміздегі халық саны артып келеді. Егерде бастапқы кезде 200 мыңнан астам бала дүниеге келетін болса, қазір жыл сайын 400 мыңнан артық сәби өмір есігін ашады. Біздің халқымыз 1 шілдеде 18 миллион болады деп ойлаймын», — деді Нұрсұлтан Әбішұлы.