Басты бетЖаңалықтарДүниежүзі қазақтарының...

Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы басталды

Дүниежүзі қазақтарының құрылтайына әлемнің 39 елінен 350 адам келді. Жалпы, қатысушы делегаттар пен қонақтардың саны 750 адам. Олар — ғылыми-шығармашылық және педагогикалық зиялылар өкілдері, бизнес, спорт, бұқаралық ақпарат құралдары салаларының мамандары, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың қызметкерлері.

Құрылтай делегаттары мен қонақтарының 80 пайызы мұндай іс-шараға алғаш рет қатысып отыр. Құрылтай аясында Ұлттық академиялық кітапханада белгілі дінтанушы-ғалымның 100 жылдығына арналған «Халифа Алтай және тарихтың оралуы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді. Дін істері және азаматтық  қоғам, Білім және ғылым, Ақпарат және коммуникациялар, Мәдениет және спорт, Денсаулық сақтау министрліктері  Құрылтайдың шетелдік қонақтарымен «дөңгелек үстел» отырысын ұйымдастыруды жоспарлауда.

Жоспар бойнша құрылтай делегаттары мен қонақтары «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесімен танысып, этноауылды аралайды және «Астана Опера» театрында ұлттық музыкамыздың алтын қорына енген Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсын тамашалайтын болады.

Дүниежүзі қазақтары құрылтайының баспасөз орталығында 150 отандық және шетелдік БАҚ өкілдері ақпарат таратуда. Айта кетейік, 1992 жылдан бері өткізіліп келе жатқан Құрылтай дүниежүзінің түкпір-түкпірінде тұратын этникалық қазақтардың кездесу орны әрі бірегей сұхбат алаңы болып табылады.

ДереккөзInform.kz