— «Smile Astana» жобасы аясында қала күні қарсаңында алып сегіз смайл шаһардың әр жерінде пайда болады. Қала тұрғындары мен қонақтары оның фонында суретке түсіп, өздерінің жайдарлы көңілін байқата алады, — деп хабарлады медиа орталық тілшісіне Астана қаласы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Қанәлімов.
Сондай-ақ, басқарма басшысы Қазақстанға келетін барлық қонақтарға деген ықыласы мен достық қарым-қатынасын дәріптеуге бағытталған жоба екенін айтты. Осылайша, ақжарқын, мейірімді адамдар бейнесі қалыптасады дейді.
— ЭКСПО көрмесін өткізу кезінде Астанаға келетіндер саны көбейеді. Әрине тұрғындарға жағымды ғой, егер астаналықтар күліп қарсы алып тұрса, көмектессе, бұл біздің қонақжайлылығымызды танытады емес пе?! — дейді Е.Қанәлімов.
Естеріңізге саламыз, смайлдар Астанада аялдамаларда, тұрғын үй қасбеттерінде, ЭКСПО көрме кешенінде, жаяу жүргіншілер аумағында және қала асфальттарында пайда болды.
— Смайлдар барлық жерлерде қойылады. Бұл видеолар әлеуметтік желілердегі #ақжарқынастана, #smileastana хэштегтерімен жариялануда. Қазіргі уақытта бізде осы тақырыпта үш мыңнан астам жазбалар және суреттер тіркелген, — дейді Астана қаласы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының басшысы.