Бұл жөнінде «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының Коммерциализация жөніндегі департамент директоры Дәулет Еркімбаев хабарлады.
— 9 күннің ішінде 200-ден астам жалған билетпен көрмеге кіруге әрекет еткендер анықталды. Олар билеттің ксерокс көшірмесін пайдаланған. Алайда әрбір билеттің өзіндік нөмірі мен коды болатындықтан, бір рет пайдаланылған билет екінші рет көрме аумағына кіруге жарамсыз. Пайдаланылған билетті автоматты жүйе бірден анықтайды, — деді.
Департамент директорының айтуынша, негізгі түпнұсқа билеттер Шымкент қаласынан сатып алынып, көшірмесі жасалған.
Айта кетерлігі, бұл күні ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесіне 1 500 000 билет өтті. Алғашқы аптада 200 мыңнан астам адам көрмеге келген. Алдын ала болжам бойынша көрме аяқталғанға дейін келіп-кететін адамдардың саны 2,5 миллион адамға жетеді.