ЭКСПО халықаралық көрмесіне алғашқы аптада 200 мыңнан астам адам келді

Бұл жөнінде «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының басқарушы директоры Бейбіт Қарымсақов хабарлады.

Өткен аптада Халықаралық павильондарға кіріп­-шығулардың жалпы саны 1 миллион 57 мыңнан асқандығын айтқан ол:

— Біздің негізгі кешен көрмелеріне кіріп-шыққан адамдардың саны 167 884 болса, оның ішінде басты нысан «Нұр әлемге» кірген адамдардың саны 86 мың. Жалпы көрмеге 10 мыңнан аса 6 жасқа дейінгі балалар, 2 мыңнан астам мүгедек пен Ұлы Отан соғысына қатысушы және оған теңестірілген ардагерлер келді. Сондай-ақ, 14 мыңнан астам оқушылар, студенттер және зейнеткерлер келіп кетті, — деді.

Бейбіт Қарымсақовтың айтуынша, бір аптаның ішінде көрмеге 26 мыңнан астам шетел азаматы келіп-кеткен. Ол шамамен барлық келушілердің 13 пайызын құрайды.

Айта кетерлігі, алдын ала болжам бойынша көрме аяқталғанға дейін келіп-кететін адамдардың саны 2,5 миллион адамға жетеді.