Министр адамның сенімі, иманы ең алдымен оның жан дүниесінде, адамның жүрегінде дей келе, ұлы ақын Абай Құнанбаевтың сөзін мысалға келтіре кетті.
«Ұлы Абай айтқандай, «Алла деген сөз жеңіл, Аллаға ауыз қол емес. Ынталы жүрек, шын көңіл, Өзгесі хаққа жол емес». Иман ең алдымен адамның жүрегінде болу керек. Қандай бейнемен жүру бұл, әрине, әр адамның өз құқығы. Бірақ теріс ағымдардың жетегінде жүргендер осындай киім кию арқылы осы мемлекеттің құрылымымен және саясатымен келіспейтінін, қоғамға қарсы екендіктерін көрсеткісі келеді», — деді министр.
Бұл орайда, Нұрлан Ермекбаев Таяу Шығыс тұрғындарының мұндай киім киюі олардың климаттық, географиялық және тарихи мәселелеріне байланысты екенін алға тартты. Сол себепті елді халқымыздың өзіндік салт-дәстүрлеріне сай киініп, моральды-этикалық қағидаларды сақтап жүруге шақырды.
Еске сала кетейік, қазіргі уақытта «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланып жатыр. Онда қоғамдық орындарда бет-әлпетін жауып тұратын киім үлгілерін киюге тыйым салынуы мүмкін. Алайда, бұл талап елге келген шетел азаматтарына қатысты қолданылмайды.