Оңтүстік Қазақстанда 6500 қызметкер аттестаттаудан өтті

Департамент басшысы өңірдегі 8 489 мемлекеттік әкімшілік қызметшінің 6483-і аттестатция тапсырғанын хабарлады.

«Елімізде алғаш рет өткізілген кешенді аттестаттау — Елбасының «100 нақты қадам» ұлт жоспарындағы бір қадамы . Кешенді аттестаттау дейтін себебіміз, бұл мемлекеттік қызметшілерді жай ғана сынақтан өткізу емес.  Аттестаттау кезінде бұрын-соңды мемлекеттік қызметте болмаған үдеріс — мемлекеттік қызметшінің құзіреттілік қасиеттері сыналады. Қызметшілердің қызметті тұтынушыларға бағдарлау,  қызметті басқару, ынтымақтастық, шешім қабылдау, жеделділік, өздігінен даму, адалдық, жауапкершілік, бастамашылдық және стресске орнықтылық сияқты құзыреттері бойынша бағалау процесі тестілеу арқылы жүргізілді», — деді Ә.Көмекбаев.

Жалпы облыста барлығы 63 комиссия құрылып, өздеріне жүктелген жұмысты жақсы атқарып шығып, аттестаттауды өз деңгейінде өткізген. Облыста аттестаттаудың тестілеу сатысынан өткен мемлекеттік қызметші ішінде: «өте жақсы» нәтиже алғандары — 1766, «тиімді» — 4482, «қанағаттанарлық» — 222, «ең төмен» деген.көрсеткішті — 13 азамат алған. Ал  аттестаттаудан оң нәтижемен аяқтаған 239 қызметші жоғарылатуға ұсынылған.

Спикердің айтуынша,  аттестаттау барысында ең үлкен жүк ОҚО әкімі аппараты мен Мемлекеттік кірістер департаментіне артылған. Себебі, облыс әкімі аппаратының бірыңғай аттестаттау комиссиясында 946, ал Мемлекеттік кірістер департаментінде 748 қызметші аттестаттаудан өткен.

ДереккөзInform.kz