— Танымал ұлдың әкесі болу қиын ба?
— Менің сөзіме көп адам сенбейтін шығар. Ұлың танымал болған соң, халықтың екі көзі сенде болады. «Осының әкесі қандай адам екен? Осының отбасы қандай екен? Анасы мен өзі ше?» деген секілді пікірлер айтылады. Менталитетімізге сай көп нәрсе көңілімізден шыға бермейді. Шынымды айтсам, әке ретінде жауапкершілігім ауыр.
— Қайратқа қаталсыз ба?
— Жалпы, Алла берген үш ұлым бар. Ер балалар болғандықтан, қаталдық таныттым, танытып та келемін. Әсіресе, Қайрат тұңғышым болғандықтан, оған қаталмын. Қайратқа қолды көптеу жұмсап қойдым. Бала кезінде де, осы өскен кезде де.
— Балаңыздың жұлдыз болуына тәрбиенің әсері болды ма?
— Өнер адамына тәрбие керек. Барлығы өнер көрсетумен ғана шектелмейді. Өнер адамын өсіретін де, өшіретін де халық. Қайратқа берген тәрбиемнің 100 пайыз пайдасы тиіп жатыр. Осы тәрбие болмаса, ол қалай халықтың адамына айналады? Әйтпесе, халық оны шеттетіп жіберетін еді.
— Қазіргі қоғамда әкенің рөлі қандай?
— Мұның екі жағы бар деп ойлаймын. Әке бола білу және әке деген атқа лайық болып жүру. Ұрпағың осыны сезініп, бағаласа, одан асқан қандай бақыт бар? Қазір көп жас әке қадірін біліп жүр деп ойлаймын. Құдайға мың да бір шүкір, қазіргі жастарымыз жаман емес. Жасыңды түріңе қарап біліп, сый-құрмет көрсетеді,- деді Нұртас Айдарбеков.