Басты бетҚарбызды дұрыс...

Қарбызды дұрыс таңдаудың 7 ережесі

1-ереже. Күнтізбеге қараңыз

Ең тәтті қарбыздар тамыз айының екінші жартысы мен қыркүйек айының соңына дейінгі аралықта пісіп жетіледі. Ерте піскен қарбыздар нитраттарға бай болады. Кей бағбандар қарбыздарды уақытынан бұрын жинап, ерте сату үшін, оларды азотты тыңайтқыштармен өсіреді. Егер қарбыздың денсаулығыңызға зиян келтіргенін қаламасаңыз, шартты мерзіміне дейін күтуге шыдамдылық танытыңыз

2-ереже. Мекенге мән беріңіз

Қарбыздың жақсы болуы оның сатылатын мекеніне де байланысты. Қарбыз мәйегі микроорганизмдердің жылдам көбеюіне икемді. Егер қарбыздағы қандай да бір жарықша арқылы шаң, тозаң  кірсе, мәйегі бірден сіңіріп, жемістің ішінен бұзылуына әсер етеді. Сол себепті қарбызды дүкендерден немесе жерден 15 см жоғары жерде тұратындай орны бар арнайы сауда орындарынан сатып алғаныңыз жөн.

3-ереже. Ұстап байқау

Сатып аларда қарбызға дұрыстап қарап, қолыңызбен ұстап көріңіз. Қарбыз қабығында кішкентай жарық, тіпті майда дақ та болмауы керек. Олар арқылы жеміс ішіне микробтар оңай кіріп алады. Сіз таңдаған қарбыз домалақ формада және жолақтары біркелкі болғаны жөн. Жолақтарының түсі қанық болса, оны нағыз піскен қарбыз деп білсеңіз болады. Сондай-ақ қабығы тырнақпен шаншылмайтындай, бірақ сызат келтіру оңай болатын болса, іздеген қарбызымды таптым дей беріңіз. Піспеген қарбыздың қабығын қолмен тырнап көргенде, жас шөптің иісі шығып тұрады.

4-ереже. Кепкен сабақ

Қарбыздың сабағы кепкен болуы керек. Пісіп-жетілген қарбыз жерден нәр алуын тоқтады. Сол себепті оның түбі құрғап, кеуіп қалады. Егер таңдаған қарбызыңыздың түбі әлі де жасыл болса, екіге жарып, дәм татарда піспеген екеніне көз жеткізесіз. Кей сатушылар оның түбін әдейі  кесіп тастауы мүмкін. Сол себепті абай болыңыз.

5-ереже. Қарызбыздағы сары дақтар

Қарбыз бір қырынан ұзақ тұрып қалса, сол тұста сары дақ пайда болады. Тым ашық сары, үлкен дақ көрер болсаңыз, басқа қарбызды таңдауға тырысыңыз. Егер дақтың көлемі бар болғаны 5-10 см болса, қорқудың еш қажеті жоқ. Сондай-ақ қарбыздың бетіне майда сары дақтар жайылған болса, бұл қарбыздың әбден пісіп, жетілгендігін байқатады.

6-ереже. Үлкен қарбыз жөн бе, әлде кішісі ме?

Дұрысы – орташа көлемдегі қарбыз. Үлкен қарбыздардың көпшілігі нитраттардың әсерімен «әдемі» өңге еніп алады. Ал кішілері – аса тәтті болмайды. Алайда табиғаттың да ерекшеліктері болатынын ұмытпаңыз: кейде кішілері тіл үйірер тәтті, ал үлкен қарбыздар солғын қызғылт әрі су татитын болады.

7-ереже. Қарбызды шертіп көріңіз

Қарбызды шертіп көргенде, анық дыбыс шығатын болса, жеміс пісіп жетілді деген сөз. Сондай-ақ,мына құбылысқа да мән беріңіз: қарбызға құлағыңызды тосып, оны ақырын қысқаныңызда, сытырлаған дыбыс естіледі. Бұл ­­- сіз іздеген қарбыз.