Басты бетҚоғамМұсылман болу...

Мұсылман болу — құр мұсылман киімін киіп, мұсылман арасында жүру емес — Ыбырай Алтынсарин

«Өз елімізге қолдан келгенше қызмет ету — біздің әрқайсысымыздың борышымыз»

***

«…әрбір жақсы амалдардың да асыл түбі иманнан, яғни иланудан келеді. Имансыз еткен жақсылықтың пайдасы жоқ. Мәселен, біреу намаз оқыса да, ол намаздың керектігін көнілі дұрыстамаса, әлбетте, ол намаз болып табылмайды… Иманның екі мағынасы бар: бірі – тіл мағынасы. Тіл мағынасы дегеніміз – әркім тілмен айтып растамақ. Мәселен, мұсылманшылдығымызга бас куәлік – сөзіміз немесе араб тілінше шәһәда (куәлік беру). Яғни, «куәлік беремін: жоқты бір Құдайдан бөтен Құдай (жоқтығына) және куәлік беремін, Мұхаммед оның құлы һәм елшісі екендігіне деп, шариғат мағынасын растағанда ол иманда көнілмен растамақ. Бұл растамақ дегеніміз, жалғыз Құдай тағала бар…»

***

“Адамның не нәрсеге болса да берік сенімі жүректен терең орын алмаса, ол әсерлік, тәрбиелік нәтиже бермейді”

Ыбырай Алтынсариннің "Өлеңдер жинағы" кітабы
©bilim-all.kz

«Құлшылық етуімізге лайық Алла тәбәрак уа тағала жалғыз-ды, ешкімнің ол Алла тағалаға ұқсастығы, теңдестігі жоқ. Ол Алла тағала дене иесі емес, сурет иесі емес, асыл жауһардай заттар сипатында емес, мекен я, бір орын иесі емес, бос орынды толтырушыдан емес, тамақ жеушілерден, ішушілерден емес, біреуді тудырған емес, яки біреуден туған емес, Һәм ол Құдай тағаланың бар болуына ешбір заман жоқ жиһат сәттен яғни, алты түрлі тараптан: оңы, солы, алды, арты, асты, үсті болудан таза-ды. Алла Тағалаға ешбір нәрсе уажиб емес, яғни, не нәрсені қалайынша жаратамын һәм бұйырамын десе – өз еркінде және Алла Тағала қадим-ді, әуелден ақыры бар-ды, барлығының әуелі һәм ақыры жоқ, һәмме өткен замандарда бар-ды һәм болашақ замандарда бар-ды. Ол Алла тағала ешбір нәрсені хикметсіз һәм керексіз, пайдасыз етіп жаратпады, көзімізге көрінетін зат, мақлұқтардың бәрінің де керек орны бар».

***

«Жаратты неше алуан жұрт бір Құдайым,

Тең етті бәрімізге күн мен айын.

Адамның адам біткен баласымыз,

Қайсың бөлек тудың деп айырайын,

Бәріміз бір адамның баласымыз,

Жігіттер бір – біріңе қарасыңыз.

Өмір деген бес күндік кетер өтіп,

Атаң барған орынға барасыңыз.

Пайғамбар бұрынғы уақытта Дәуіт өткен.

Патша боп бұл дүниеге даңқы кеткен».

***

«Ей, дін-қарындастарымыз, бізге ең әуелі керегірек іс – сол, әуелі білмек керек немен мұсылман болатынымызды. Мумин мұсылманның мұсылман аталуы құр мұсылман киімін киіп, мұсылман арасында жүргеннен емес. Әуелі иманды болып, ол иман деген не екеніне түсініп, түсінген соң сол иман ішіндегі сөздерді шексіз шын көңілмен дұрыс деп білген кісіні мұсылман деп атайды. Соның үшін Құдай тағаланың пенделеріне парыз еткен парыздарының ең әуелі иман болса керек»

Ыбырай Алтынсариннің кітаптары
©SZH.kz

«Ей, жарандар, дүниеде ешкім мәңгі тұрмайды. Аз уақыт дүниеде қонақ хисабында тұрып, жаман пиғылды жаман хұлықты болып, ахиретіңізге не жанға, не денеге пайдасы жоқ нәжіс ұстап қайтпаңыз. Адам баласы бұл дүниеге ахирет деген түпкілікті орнында қорек ету үшін азық жия шығарылған Құдай тағаланың махлұғы болса керек. Дүниеде таза мінез бен қайырлы істер істеп ахиретке қайтсаңыз, сол өзіңіздің жиып қайтқан жақсылықтарыңыз – ахиретке бірге баратын дәулеттеріңіз»

***

«.. Енді құдай басыма не салса да, мен күшімнің жеткенінше туған еліме пайдалы адам болайын деген негізгі ойымнан, талабымнан еш уақытта да қайтпаймын»

***

«Шариғат, мысалы, әртүрлі ғылымдарды, өнерді қай халықтан болса да үй­ре­ну­дің керектігін ешбір жерде теріс демейді, – ол – түрлі «фәндерді», басқаша айтқанда, әртүрлі ғылымдарды, есепті, медицинаны және астрономияны (ғылму-хисаб, ғылму-тып, ғылму-хаят, уә афлах) оқуға, тіпті, міндетті екені дәлел бола алады»

***

Жаныңа жәрдем берсін хақ тағалам.

Атаң мұнда анаңмен есен-аман,

Сүйіп сәлем жазады бүгін саған.

Атаңды сағындым деп асығарсың,

Оқуға көңіл бөлсең, басыларсың.

Ата-анаңды өнер білсең асырарсың,

Надан боп, білмей қалсаң, аһ ұрарсың.

Шырағым, мұнда жүрсең, не етер едің?

Қолыңа құрық алып кетер едің.

Тентіреп екі ауылдың арасында,

Жүргенмен не мұратқа жетер едің?»

Ыбырай Алтынсариннің кітаптары
©SZH.kz

«Болмасаң да ұқсап бақ,

Бір ғалымды көрсеңіз.

Ондай болмақ қайда деп,

Айтпа ғылым сүйсеңіз.

Дүние де өзі, мал да өзі,

Ғылымға көңіл бөлсеңіз»

***

«Оқысаңдар, балалар,

Шамнан шырақ жағылар.

Тілегенің алдыңнан

Іздемей-ақ табылар.

Кел, балалар, оқылық,

Оқығанды көңілге

Ықыласпен тоқылық!»

***

«Тәжірибе барлық ғылымның бастамасы ғой, кем-кемдеп өзіміз де үйреніп, балаларды да оқыта берейік; мүмкін, сөйте келіп мақсатымызға да жетерміз»

Материалды Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының тапсырысымен «Қазақ интернеті» қоғамдық бірлестігі дайындаған.