Басты бетҮйдің құжаттарын...

Үйдің құжаттарын жоғалтып алған жағдайда не істеу керек?

Құжаттарды жоғалтып алған жағдайда, ең бірінші нотариалдық рәсімдеу жасалғанын анықтау керек. Егер жасалған болса, сол рәсімді жасаған нотариуске барасыз.

Оған дейін:

  1. Кез келген республикалық газетке құжаттың жоғалғаны және енді жарамсыз екені жазылған хабарландыру беру керек.
  2. Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан №2 және №6 анықтаманы алу керек. Олар тегін беріледі.
  3. «ПАНиКА» іздеу бюросынан құжаттың жоғалғаны жөніндегі анықтаманы алу керек. Ол 400 теңге тұрады.
  4. Нотариуске арыз жазып, 0,53 АЕК көлемінде (1 202,57 теңге) ақысын төлеу керек. Сонымен бірге құжаттың төлнұсқасын алу үшін 6 807 теңге (3 АЕК), оның нотариалды расталған көшірмесін алуға 1 588,30 теңге (0,7 АЕК) бересіз.

ХҚКО-дан алған №2 анықтаманың жарамдылық мерзімі 1 күн. Ал №6 анықтама 10 күнге ғана жарайды. Сол себепті іс-әрекеттеріңізді алдын ала жоспарлап алыңыз.

Егер нотариалдық рәсімдеуді жасаған нотариус жұмыстан шығап кеткен болса немесе басқа да себептермен оны таба алмасаңыз, Халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚКО) бару керек.

ХҚКО-ға барғанда құжаттың жоғалғаны туралы арыз, жеке басты куәландыратын құжат пен оның көшірмесін ұсынасыз.

Құжат үш күннің ішінде дайын болады. Ақысы — 567,25 теңге (0,25 АЕК). Қалпына келтірілген құжат тек меншік иесіне немесе оның сенімхат жазып берген адамына ғана беріледі.

ХҚКО-ға бару үшін газетке хабарландыру берудің қажеті жоқ. Бұл талап ҚР Әділет министрлігінің 24.05.2016 жылғы бұйрығы бойынша алынып тасталды.

Нотариуске немесе ХҚКО-ға барған соң, олар сізге үйіңіздің құжаттарын тіркеу делосындағы көшірмесінен төлнұсқа жасап береді. Ал жоғалған құжат жоққа шығарылады. Егер оны біраз уақыт өткен соң тауып алсаңыз да, қолданысқа жарамайды.

Енді құжаттың төлнұсқасын ХҚКО-да тіркеу керек. Қызмет құны — 1 134 теңге (0,5 АЕК). Онсыз құжат заңсыз  деп саналады.

Техникалық төлқұжат

Үйдің жоғалған техникалық төлқұжатын қалпына келтіру бір жұмыс күнін алады. Ол үшін арыз жазып, жеке басты куәландыратын құжат пен көшірмесін, 2000 теңгелік мемлекеттік баж салығын төлегеніңізді растайтын құжатты өткізесіз.

Мемлекеттік акт

Жер телімінің мемлекеттік акті қалпына келтірілмейді. Оны жаңадан жасату керек. Ол үшін ХҚКО-на барасыз. Қызмет құны — 4 828 теңге. Бұл сома жер телімінің көлеміне қарай өседі. Акт алты жұмыс күнінің ішінде дайын болады. Бұл жер телімінде ешқандай өзгеріс болмаған жағдайда осылай жасалады.

Егер жел телімінің көлемі өзгерген болса, оның сызбасын жасату үшін қаладағы Жер қатынастары Басқармасынан маман шақырту керек. Ол үшін 17 497 мың теңге төлейсіз. Сызбаны алған соң, ХҚКО барып, мемлекеттік акт жасатуға болады.