«Көрмені өткізу кезінде 17 күнде келушілер саны көп болады. Бұл ауқымды мәдени бұқаралық шаралар өтетін күндер. Дәлірек айтсақ, Еуразиялық медиа форум, Димаш Құдайбергеновтың концерті, ТМД елдерінің ең үздік командаларының қатысуымен КВН ойындары өтеді. Әрине, осы күндері туристер легі көп болатыны сөзсіз, — деді «Астана Конвенш Бюро» ЖШС директорының орынбасары Асқар Адамбеков.
Оның айтуы бойынша, Астанада ЭКСПО-ның ашылғанына аз күн өтсе де туристер легі тұрақты.
«Қай елдерден екенін нақты айта алмаймын. Бұл шекара қызметіне қойылатын сұрақ. Белгілісі, бес күн ішінде 10 мыңнан астам турист келді. Ал соңғы екі күндегі нақты санды айтсам — 5670 турист. Бұл 180 қонақ үйден алынған мәлімет. Дегенмен, қонақ үйлер мен хостелдерде бос орындар жеткілікті. EXPO көрмесі енді басталды, сол себептен, алдағы уақытта туристердің ағынын күтеміз», — деді ол.
«Астана Конвенш Бюросы» өкілінің сөзінше, қазіргі таңда Астанада 197 қонақ үй мен 91 хостел бар. Сонымен қатар, ЭКСПО-2017 көрмесінің қонақтарын орналастыратын 18 жатақхана қарастырылған. Олардың тәуліктік бағасы екі мыңнан бес мың теңгеге дейін.
Жатақхана орындарын брондау үшін 8 (717 2) 277-815 немесе 8 777 772 05 06 ұялы байланыс нөмірлеріне хабарласуға болады.
Бұдан бөлек, ЭКСПО қонақтарына Астананың әр аудандарынан 10 мың қолайлы пәтер дайындалды.