Жаңадан салынатын «Қалқаман» метро станциясы Әшімов — Елібаев — Байзақ батыр көшелерінің арасында салынады. Екінші станция Райымбек — Әшімов көшелерінің солтүстік қиылысында орналасады. Ол «Западный» автовокзалы» деп аталып, метрополитеннің бірінші желісінің соңғы станциясы болады.

Сонымен метрополитеннің бірінші желісінде барлығы 13 станция болады. Олардың ұзындығы 18,3 шақырымға созылады. Алдын ала болжам бойынша, жаңа станцияларды қосу арқылы тәулігіне 100-110 мың адамды тасымалдауға болады.

Алматы қаласында екі станциямен бірге жаңадан даңғыл салынады. Бұл туралы Алматы қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ернұр Абжахан айтты.

Жаңа даңғыл екі бөліктен тұрады. Бірі —  «Қалқаман» ықшам ауданындағы Әуезов көшесінен қаланың батыс шекарасына дейін, екіншісі — Момышұлы мен Әуезов көшелерінің арасына салынады. Онда алты қозғалыс жолағы, веложолақ, жаяу жүргінші жолағы болады. Құрылыс 2017 жылдың соңында аяқталуы тиіс.