Төрткүл дүниенің әр қиырынан жиналған ұл-қыздар 15 жүлде жиынтығын сарапқа салады. Күншығыс елінде Қазақстанның қос спортшысы өнер көрсетеді. Олар – Әйгерім Әуелбек (53 келі) пен Михаил Макеев (77 келі).
Әр құрлықтың мықтылары жиналатын жарысқа біздің елден неге бар-жоғы екі зілтеміршінің ғана қатысатынын білу мақсатында жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Бақыт Ахметовке хабарласқан едік.
Бұл сауалға білікті маман: «Біз әр кез санға емес, сапаға жүгінеміз. Байыптап қарасаңыздар, әрбір дүбірлі додаға Қазақстаннан санаулы ғана спортшылар аттанады да, солардың дені жеңіс тұғырына көтерілуде. Тіптен кейбір кездері жалпыкомандалық есепте үздіктер қатарынан көрініп жүрген де жайымыз бар. Бұл жолы да өз жеңісті дәстүр өз жалғасын табуға тиіс. Себебі, Токиоға сапар шеккелі отырған шәкіртімнің екеуі де өте мықты. Әйгерім де, Михаил да осыдан бірер жыл бұрын жасөспірімдер әлем біріншіліктерінде жүлде алып, өз жанкүйерлерін қуантқан. Жастар сайысында да олар өздерін жақсы қырынан көрсетіп, сан мәрте көрермендердің зор қошеметіне бөленді. Қазіргі кезде екеуі де бабында. Бұйыртса, жерлестеріміз Жапониядан олжалы оралады деп нық сеніммен айта аламын», – деп жауап қайырды.