Қаладағы қоғамдық көлік қозғалысының тендерін 2013 жылы «Қызылорда» автобус паркі» ұтып алған. Ол жерде 450 адам жұмыс істейді. Жұмысшылардың жалақысы қаладағы орташа еңбекақы мөлшері шамасында.
Автобус паркінің директоры Әнуар Нақыптың айтуынша, жолақыны көтеруге жанармай бағасының өсуі себеп болып отыр. Себебі, қалада АИ-92 бағасы 14 процентке, дизель отыны 38 процентке, табиғи газ құны 93 процентке өскен. Соған қарамастан, жолақы құны өзгерссіз қалдырылған.
«Сол себепті ересектер үшін жолақыны 100 теңге, оқушылар үшін 50 теңге қылуды ұсындық»,- дейді парк директоры.
Қала әкімінің орынбасары Асылбек Шаменов бұның әлі нақты шешім емес екенін алға тартты. Мәселе қалалық әкімшіліктің отырысында, қоғамдық кеңестерде, қалалық мәслихат депутаттарының талқылауында қаралатын болады.
Қазіргі таңда Қызылорадада барлығы 870 қоғамдық көлік бар. Оның ішінде 160 үлкен автобустар, 400 орташа және 310 микроавтобустар жүреді.