– Биыл біз елдеріміз арасындағы дипломатиялық қатынастардың 25 жылдығын атап өтудеміз. Осы кезеңде ынтымақтастығымыздың аралық қорытындыларын жасап, бірге атқарған жұмысты саралап, болашақтағы дамудың жолдарын айқындауға болады, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Қытайдың халықаралық және өңірлік басқосулар аясындағы өзара іс-қимылы жоғары деңгейде екеніне назар аударды.
– Осындай үйлесімді жұмыстың жарқын мысалы – Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясындағы бірлескен іс-қимылымыз. Ертең біз ұйымның тарихи отырысына қатысамыз. Ол Үндістан мен Пәкістанның қосылуы арқылы кеңейеді. Осы отырыстан кейін ШЫҰ-дағы төрағалық Қытайға өтеді. Сіздерге сәттілік тілейміз, – деді Мемлекет басшысы.
Елбасы, сондай-ақ, Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда айналымының көлемі артқанын атап өтті.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол» бағдарламасы мен «Бір белдеу, бір жол» бастамасының ұштасу нәтижелеріне тоқталды.
– Жалпы, біздің жан-жақты әрі қарқынды өзара іс-қимылымызды үлгі тұтарлық ынтымақтастық деп нық сеніммен атауға болады. Оның оң қарқынына қарамастан, бұған қанағат етуге болмайды. Алға ілгерілей беруіміз керек. Біздің екіжақты қатынастарымыздың басым бағыттары бойынша да тиісті әлеует бар. Ең бастысы – Қазақстан аумағында үйлесімді жалғасын таба білген Жібек жолы идеясын жүзеге асыру. Осы төрт жыл ішінде біз 1500 шақырым теміржол және 3000 шақырым автокөлік жолдарын салдық. Бізде 2 теміржол және 6 автокөлік өткелі бар. Осылайша, ҚХР-мен сауданы дамытудың арқасында Қазақстан транзиттік мемлекетке айналып отыр, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті Қазақстан-Қытай қатынастарын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударып отырғаны үшін ҚХР Төрағасына алғыс айтып, елдеріміздің өркендеуіне арналған жобаларды жүзеге асыру жолында табыс тіледі.
Си Цзиньпин Нұрсұлтан Назарбаевқа қонақжайлық көрсеткені үшін ризашылық білдіріп, Қазақстан астанасының жоғары қарқынмен дамып келе жатқанын атап өтті.
– 20 жыл ішінде Астанада Қазақстанды жарқын болашаққа бастайтын аса ауқымды өзгерістер болды. Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан ұлттық жаңғыру мен мемлекет құрылысы ісінде жаңа табыстарға қол жеткізетініне сенімдімін. 25 жылдағы ынтымақтастық барысында барлық бағыттар бойынша көптеген нәтижеге қол жеткіздік. Біздің саяси қарым-қатынасымыз сенімге негізделіп дамуда, – деді ҚХР Төрағасы.
***
Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстан Республикасына ресми сапарының қорытындысы бойынша мынадай құжаттар қабылданды:
– Қазақстан Республикасының Президенті мен Қытай Халық Республикасы Төрағасының бірлескен мәлімдемесі;
– «Жібек Жолы» қорының жекелеген кіріс түрлерін салық салудан босату туралы келісім;
– Кино өндірісі саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;
– Қорғас өзенінде селден қорғайтын «Шүкірбұлақ» бірлескен бөгетін салудағы ынтымақтастық туралы келісім;
– Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік салық әкімшілігі арасындағы салық мәселелері жөніндегі меморандум;
– Көлік инфрақұрылымы саласындағы ынтымақтастықты нығайту туралы меморандум;
– Қазақстан Республикасынан Қытай Халық Республикасына экспортталатын мұздатылған ұсақ мал етіне қатысты инспекция, карантин талаптары және ветеринарлық-санитарлық талаптар жөніндегі хаттама;
– «Қазақстан» РТРК» АҚ және Қытай Халық Республикасының орталық телевидениесі арасындағы меморандум;
– Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы Үкіметтері арасындағы суперкомпьютер ұсыну жобасы жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандум;
– Зертханалық жабдықтарды ұсыну туралы келісім;
– «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат» қоры мен Қытайдың Халықаралық саудаға қолғабыс көрсету комитеті арасындағы ынтымақтастық туралы келісім;
– Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы мен Қытайдың қоғамдық академиясы арасындағы ғылыми-мәдени ынтымақтастық туралы келісім.