«National Geographic» журналын қазақ тілінде шығарып жүрген кімдер?

Қазақ тілді редакция ұжымы қазір Вашингтонда алдағы тапсырмалардың соңғы тетіктерін пысықтап жатыр.

Жігер Сәрсен, тілші

-АҚШ Ұлттық географиялық қоғамының ресми басылымы ретінде 1888 жылдан бері National Geographic журналы шығып келеді. Бас кеңсесі Вашингтонда орналасқан ағылшын тілді басылым Америка аумағымен шектеліп қалмай, 30-дан астам елдің тілінде таралады. Енді бұдан былай «National Geographic» журналының қазақша сөйлейтін күні алыс емес. Осылайша Қазақстан тылсым табиғаты, тұңғиық тариxы мен мол мәдениетін әлемдік деңгейде танытуға мүмкіндік алып отыр.

National Geographic есімі қазақстандықтарға, әсіресе кабелді телеарна арқылы жақсы таныс. Бір қоғамдастыққа қарайтын National Geographic журналының салмағы да дәл солай. Ғасырдан астам тарихы бар басылым қазақ оқырмандарымен қуана қауышуға әзір. Отандық «ҚазМедиа Холдинг» ЖШС игілікті іске жол ашып отыр. Арадағы келіссөздер табысты аяқталып, лицензияға қол жетті. Сүйінші дана жаңа жылдан бастап жарыққа шығарылмақ.

Еркін Жақып, «ҚазМедиа Холдинг»  ЖШС басшысы

-Биыл Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлап жатырмыз. Соған орай біздің де айтатын тарихымыз, айтатын жерлеріміз бар. Біздің зерттелмеген тарихымыз, археологиямыз бен мәдениетімізді әлемге де паш ете білуіміз керек. Осыған байланысты National Geographic қауымдастығы мен оның журналының тигізер септігі үлкен болады деп ойлаймыз.

Вашингтондағы бас редакцияда қазақша журналдың соңғы тетіктері талқыланып жатыр. Отандық нұсқаға жауапты 5 адамнан тұратын топ-менеджмент әлемдік басылымның талаптары мен сапасына қатысты семинар сабақтардан өтті. Шығармашылық ұжым жасақталу үстінде. Журнал бастапқыда 5 мың таралыммен жарық көрсе, тираж санын біртіндеп 20 мыңға дейін жеткізу көзделіп отыр.

Ариель Дейако-Лор, National Geographic журналының баспа және бизнесті дамыту жөніндегі директоры

-Тек соңғы 20 жыл көлемінде біздің журнал әлемнің бірқатар тілдеріне аударылып, мемлекеттермен тығыз байланыс орнатып келеді. Енді қазақ тілді редакцияны қарсы алуға дайынбыз. Бұл әріптестік бізге тамаша ғылыми мәліметтер жинауға мол мүмкіндік ұсынбақ.

«Қазақстанның жабайы табиғаты, әлемдік фототілшілердің байқауы және тағы басқа жобалар жаңа журнал аясында қолға алынатын істердің басы ғана», – дейді ұйымдастырушылар. Сол сияқты басылымның тарих, саяхат, балалар тақырыбындағы салалық түрлерін де қолға алу кезең-кезеңімен межеленген. Ең үлкен мақсат – National Geographic журналын қазақша сөйлету.

Дереккөзkhabar.kz