«Актер Тынымбек Пірімжановтың жиен немересімін»
Мен 1989 жылы Алматы қаласында туып, осы қалада өстім. Марқұм нағашы атам Тынымбек Пірімжанов әртіс болған кісі.
Ерекше болып туылдым. Маған дейін анам үш құрсақ көтерген екен, бірақ бала тоқтамапты. Төртінші болып дүниеге мен келдім. Босанарда дәрігерлер «не ана қалады, не бала қалады» деген. Сол кезде нағашы атам мен әжем бүкіл дәрігерлерді аяғынан тік тұрғызып, анама ешқандай зияндық келтірместен мені туғызып алды. Сөйтіп, дүниеге Зарина деген қыз келді.
«Бір ауыз қазақша білмейтінмін»
Ең бақытты сәтім – балалық шағым. Сол үшін әке-шешеме, ата-әжеме үлкен алғысымды білдіргім келеді. Мені «жоқ», «болмайды» деген сөздерді естірместен, өте ерке қылып өсірді. Бала кезімде бір ауыз қазақша білмейтінмін (күліп). Өйткені, әкем мен анам орысша сөйлесе, ата-әжем қазақша сөйлейтін. Қазақ тілінде тек «май, «нан», «ата, «әже» деген ауызекі сөздерді ғана білетінмін.
Әлі есімде, ауылдан туысқан қыздарым келсе, өзімді жатпланеталық сияқты сезінетінмін. Себебі, олар орысша түсінбейді, мен қазақша түсінбеймін. Бірақ, атам мен әжемнің қойған шарты бойынша оқуға №12 қазақ мектебіне бардым.
Он жаста болғанда дүниеге інім келді де, барлығының көңілі соған ауып кетті. Мен он жыл бойы еркелеп жалғыз өскендіктен қатты қызғандым (күліп). Дегенмен, қазіргі таңда артымнан ерген інімнің барына, жалғыз еместігіме Құдайға мың шүкір айтамын.
«Мені әртіс болады деп ешкім ойламаған»
Өйткені, бала кезімде ән айтпайтын, билемейтін, өлең оқымайтын, өзінің жеке әлемі, сыры бар бала болдым (күліп).
Ойнап отырғанда атам сыртымнан қарап, бақылап отыратын. Неге өйтті? Оны қазір түсінемін. Өйткені, бала ойнағанда өз ойына сенеді. Мұғалім болып ойнаса, өзінің шынымен де мұғалім екеніне сеніп, алдында отыз оқушы отыр деп ойлайды. Мен солай сенетінмін. Ойнағанда кәдімгі қабырғаға қарап отырсам да, ойымда толық бір сыныпты көретінмін. Актер адамдарға балалардан көп нәрсе үйренуге болады. Ол сенгіштік.
7-сыныпты бітіргеннен кейін мен үшін өте қиын кезең басталды. Дүниеден атам кетті. Ол менің әкемдей жақын, досымдай сырлас адамым еді. Бір ай бойы ешкіммен сөйлеспедім. Сол кезде есейгендей болдым, болашақта кім болатынымды шештім. Анама келіп, әртіс болатынымды айттым.
Атам сол кезде тірі болса, менің әртіс болуыма қалай қарар еді деп ойлаймын. Кезінде анам да әртіс болам дегенде атам қатты қарсы болған екен. Содан болса керек, анам менің шешімімді қолдамады. Өмірімде бірінші рет маған дауыс көтерді. «Ешқандай да әртіс болмайсың! Мен шешіп қойдым. Сен ұлттық қауіпсіздік комитетіне оқуға түсесің!»,-деп ұрысты. Мен жылап отырсам, анам: «Өзің ойлашы, оқу бітірген кезде әппақ қолғапты форма киесің, тиын лақтырасың! Өмірің керемет болады! Әртістік өмір деген не?»,- деп көңілімді аулады. Ол кезде 90-жылдар болатын. Әртістердің жағдайы шынымен ауыр еді. Анам соның бәрін ойлаған болар: «Қыз балаға өнерде екі есе қиын»,-деп еді, әжем тоқтатты. «Баланың ықыласы болып тұрса, неге бетін қағамыз? Колледжге берейік. Көрсін»,-деді.
«Бірінші курста-ақ жарқ етіп көзге түстім»
15 жасымда Т.Жүргенов атындағы өнер академиясы колледжіне оқуға түстім. Менің өнерім жоқ деп жүрген анам қатты таң қалды. Өйткені, 1-курстан бастап-ақ, жарқ етіп бірден көзге түстім. Сол кезде менің ең бірінші түскен фильмім басталды. Ол «Кек» деп аталатын. Түсірілімге Ақтау қаласына кеттік. Солайша, мен үшін өнер деген басқаша өмір басталды. Бірақ анамның көңілі толмайтын. Іштей «Бәрібір қояр-ау» деп ойлады.
Бала кезімде орысша сөйлеген соң, қазақшамда акцент болды. Барлық дауыссыз дыбыстан кейін «дегеньдей» деп, жіңішкелік белгісін қосып сөйлейтінмін. Ұстаздарым менімен жұмыс істеді. Үнемі ерінімді дөңгелетіп «үйтөді», «бүйтөді» деп дұрыстап сөйлеуді үйретті.
Ерке болғандықтан өте намысшылмын. Еркеліктің бір жақсы жері сонда ғой. Сөз көтере алмайтынмын. Мұғалімдерім «Мына тіліңмен қалай әртіс болам деп жүрсің?!»,- деп ұрысқанда, кітапханаға барып, том-том кітаптарды алып аламын да, дауыстап оқитынмын. Сонда кітапханаға бармай-ақ, үйдегі кітаптарды оқи берсем де болады екен. Онда Оралхан Бөкейден бастап, атама арнап, қолтаңбасымен сыйлаған кітаптар көп еді. Соның төрттен бір бөлігін оқыдым.
Кітап оқуды анам үйреткен. 9 жасымда Марк Твеннің «Приключение Тома Сойера», «Приключение Гекльберри Финна» деген кітаптарын алып келді. «Осыны оқисың, оқымасаң, өлесің»,- деді (күліп). Содан бері кітаптарға деген махаббатым басталды.
«Жұлдыз ауруымен ауырдым»
Колледжде жүргенде Елбасының бұйрығымен Қазақстаннан бетке ұстар деген он адам болып Лондонға барып келдік. Ол «Борат» фильмі шығып, қазақтар туралы өте жаман пікірлер қалыптасқан кез болатын. Сол жақта көп конференциялар ұйымдастырып, орталық көшелерінде атпен, өзіміздің дәстүрлі киімдерімізбен шеруге шықтық. Тіпті Бораттың тұратын үйіне дейін бардық. Өкінішке орай, ол шыққан жоқ.
Он жеті жасар балаға бұл жетістіктерді көтеру ауыр болды. «Жұлдыз ауруына» шалдықтым. Өзінше болып, мұғалімдердің ескертулерін құлағыма ілмейтін болдым. Бұндай «аурудың» сол кезде өтіп кеткені дұрыс болыпты. Өйткені қазір оңың мен солыңды білесің, әрбір басқан қадамың үшін шүкіршілік етесің.
Содан кейін Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына Оразхан Кенебаевтың шеберханасына оқуға түстім. Оразхан ағай мені бірден ұната қоймады. Өйткені, мен колледжде қойылым қойып, рөлдерде ойнап келген қызбын. Ал, тобымдағылардың бәрі мектепті жаңа бітірген, актерліктен еш хабары жоқ балалар болды. Өлең оқығанда да жаттанды оқитын. «Осылармен бірге оқимын ба?» деп, бірден көңілім түсті.
Ол кезде шашым белімнен төмен түсетін ұзын, сап-сары болатын. Жыртық джинсы киіп алғанмын. Сөйтіп отырсам, Оразхан ағай: «Сары шашты қыз, сен шық!»- деді. Шықтым. Дауысым қарлығып тұрған. «Сен қыз темекі емес, махорка шегесің бе?!» -деп, ұнатпай қалды. «Ағай, мен колледж бітіріп келдім»,-десем, «Академия бітіріп келсең де, маған бәрібір. Емтиханға рұқсат алғың келсе, басқалары сияқты өлең оқып, тапсырасың»,- деді. Содан кейін кішкене жиналып, өлеңімді оқып, қайтадан абитуриент болдым (күліп).
Поэзия оқыған кезде ғана ағайдың маған деген көзқарасы түзелгендей болды. «Сен қызда бірдеңе бар ғой. Неге жалқаусың?»,- дейді (күліп). Мен ол кісіге: «Ағай, ол жалқаулық емес. Мен оның бәрін білемін. Мені түсінсеңізші»,-дедім. Содан бері ағаның маған деген шәкірті ретінде үлкен махаббаты басталды. Топта барлығы 18 адам болсақ, он жетісіне ұрысса, маған ұрыспайтын. Төрт жыл бойы ағадан бір ауыз зекіген сөз естіген жоқпын.
1-курста үш жыл бойы колледже оқығанымды қайтадан оқыдым. Бұл маған ауыр болды. Анама академияны тастап, Нью-Йорктегі фильм академиясына түскім келетінін айттым. Оған қалай тапсыру керектігін, ақшасының қанша екенін – бәрін біліп алғанмын. Қымбат еді. Бірақ, анам қолдады. Мен үшін кез келген соманы тауып беруге дайын екенін айтты.
Сосын ректораттан бүкіл құжаттарымды жинап, Оразхан ағаға кететінімді айттым. Ағай: «Құлыным, сен мен үшін ерекше студентсің. Ертең менің атымды шығаратын шәкірт сен боласың. Менің сөзімді тыңдайтын болсаң, кетпе»,-деді. Ағайға барлық білетінімді қайтадан оқу қызықсыз екенін айтып едім, «Ертеңнен бастап қойылым аламыз»,- деді. Бір жағынан ағайдың көңілін қалдырғым келмей, екінші жағынан анам қаражат жағынан қиналып қала ма деп ойладым. Өйткені, ол анам мен әкемнің ажырасқан кезі еді. Академияда қалдым.
Ең алғаш сомдаған рөл
Ең алғаш «Күлшеқыз» қойылымындағы өгей шешені ойнадым. Қазіргі Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік жасөспірімдер мен балалар театрының актері Ерлан Карибаев колледжде бізге сабақ беретін. Өзі академияны енді бітірген жас түлек болды. Бүкіл энергиясын бізге төкті. Бірақ Ерланға біздің бойымызда қалыптасып қалған стереотипті сындыру керек болды. Олай істемесе, мен тек қана әдемі рөлді, жақсы образдарды ойнаймын деп қалыптасып кетер ме едім? Себебі, шыны керек, курстағы ең жарқылдап тұрған, ең әдемі деген қыз мен болдым. Ол маған өгей шешені берді. Топта кішігірім толықтау қыз болды. Оған арықтау үшін, өзіне деген сенімін арттыру үшін, Күлшеқызды берді. Жәнібек деген ауылдан келген бала болатын, соған кішкене жөнделсін деп ханзаданың рөлін берді. Менің ең бірінші ойнаған рөлім сол өгей шеше болды (күліп).
«Қас қағым» қойылымы менің бағымды ашты»
Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрындағы ең жақсы көретін рөлім – «Қас қағым» қойылымындағы Жазира. Режиссері — Елік Нұрсұлтан.
Мен театрға келгенде екі жыл рөлсіз жүрдім. Тек біреулердің орнын алмастыру үшін кішігірім рөлдер ғана берілетін, басты рөлдерім болған емес. Бәрі мені жаңадан келген жас қыз Зарина ретінде ғана білетін, бірақ керемет актриса ретінде ешкім мойындаған жоқ еді. Жазира рөлі актриса ретінде театрдағы бағымды ашқан рөлім болды. Біріншіден, болашағыма үлкен жолдама берген, әріптестерімнің көзқарасын өзгерткен рөл болды. Олар менің келесі жұмыстарымды асыға күтіп, сахнада менімен серіктес болғысы келетіндерін айта бастады, режисерлердің де менімен жұмыс істегісі келді. Екіншіден, мен осы қойылым арқылы өзімнің сахнадағы серігімді таптым. Ол Азамат Сатыбалды. Сол үшін Елікке алғысым шексіз!
«Азамат аға екеуіміз қойылымының быт-шытын шығардық»
Театрда серіктестік деген үрдіс бар. Сахнада сенің жаныңды, тәніңді түсінетін, үндерің бір болатын серігің болуы керек. Оны табу өте қиын. Кейде жанып тұрасың, бірақ серігің рөлін ала алмай жатқан кезде сенің өнеріңнің құны бес тиын. Өйткені, сахнада сендер екеусіңдер. Сен сахнаға өзің үшін шықпайсың, серігің үшін жұмыс істейсің. Бір-біріңді ойнатасың. Мен жиырма бес жасымда сондай серігімді таптым.
Азамат ағаны сахнадағы серігім, қолымнан жетектейтін жанашыр ағам болады-ау деп ешқашан ойламағанмын.
Басында «Қас қағымда» Алмас Шаяхметов ойнауы керек еді. Ол түсірілімге кетіп қалып, орнына Елік Азамат ағаны шақырды. Бірақ ол ойнайтын құрамда Салтанат Бақаева болатын. Мен екінші құрамда болдым. Менімен бірге Ермек Бектасов ойнайтын. Мен Ермекпен ойнаймын, қойылым шықпайды. Азамат аға Салтанатпен ойнайды, шықпайды. Екеуі ана жақта, екеуіміз мына жақта жынданамыз. Сосын төртеуіміз отырып алып, қойылымды талқылаймыз. Сонда Азамат аға екеуіміздің айтқанымыз бірдей болып шығады. Екеуіміз бір-бірімізге қарап қоямыз. Азамат аға Ермекке үйретеді. Мен Салтанатқа көрсетемін.
Азамат аға мен Салтанат қойылымды Көркемдік кеңеске тапсырғанда, өтпей қалды. Басшылар Елікке қайтадан жасауды тапсырды. Сонда Азамат аға Елікке айтып, екеуімізді бір құрамға қойғызыпты. Ол премьераға бір апта уақыт қалған кез еді. Екеуіміз бірде-бір рет репетиция жасамастан сахнаға шығып кеттік. Қызық. Бәрі тамаша шықты! Азамат аға екеуіміз репетициядан кейін бір-бірімізге қарап күле береміз (күліп). Сосын екеуімізде шығармашылық егіздік пайда болды.
Содан кейін мен декретке кеттім. Келген соң маған Асхат Максимұлы қойған «Қоштасқым келмейді» қойылымындағы рөлдердің бірін берді. Ондағы серігім кім деп ойлайсыз? Азамат аға! Екеуіміз қайтадан жолықтық. Екеуіміз тіпті мәтіндерімізді оқымаймыз да. Бәрі репетиция жасап жүрсе, біз бір-бірімізбен сөйлесіп әлекпіз (күліп). Сонда бәрі бізге «Әй, шықсаңдаршы»,-деп ұрсады. Тек Асхат аға ғана: «Оларға ұрыспаңдар. Олар бүгін күліп, бір-бірімен сөйлеседі. Ертең премьерада быт-шыттарыңды шығарады»,-деді. Тура солай болды. Премьераға шықтық та, быт-шытын шығардық, жақсы мағынада әрине (күліп). Өйткені, сахнада бір-бірімізді сеземіз.
«Бір сен үшін» фильміне қалай келдім?
Азамат аға фильм түсіргелі жатқанын, алғашқы жұмысында менің ойнағанымды қалайтынын, егер мен келіссем, сол фильмді түсіретінін, егер келіспесем, басқа сценарийге көшетінін айтты. Мен, әрине, келістім.
Фильм бүкіл команданың бірлескен жұмысы болды. Бір ай бұрын барлық актерлер сөздерімізді үтір-нүктесіне дейін талқыладық. Бір айдан кейін түсірілім басталды. Түсірілім кезінде біреуіміздің қолымызда мәтін болған жоқ. Өйткені, оның бәрін жаттап алғанбыз. Қай сахнаны түсіреміз десе де, дайын келдік.
Қазіргі сериалдар қалай түсіріледі? Тура түсірілім алаңына келгенде не түсіретінін сұрайды. Мәтінді сол кезде қолына алады да, өтірік оқи салады. Мәтінді, ертеңгі күні оқиға қалай өрбитінін білмегендіктен фильмдер жасанды болып шығады.
«Фильмді бесінші рет көргенде бірақ түсіндім»
Фильмнің премьерасына жолдасым Азатпен келдім. Қобалжығаным соншалықты, Азаттың қолын қа-а-атты қысып алғанмын. Бірінші рет көргенде фильмнің қалай шыққанына, не туралы екеніне мүлдем назар аудармадым. Өзімнің ойнағаныма ғана қарадым. Өйткені, біз басқаша ойнадық, монтажы басқашалау болған. Бесінші рет көрген кезде ғана фильмнің өте әсерлі шыққанын сездім (күліп).
Жалпы алғанда, фильм көңілімнен шықты. Тұңғышың болғаннан кейін қателіктері де көп болады. Негізі, қателіксіз фильм болмайтын шығар. Кино — ол үлкен өнер. Ол өнерге Азамат ағаның қол сұғуы – үлкен батылдық.
«Әйел адам ең бірінші отбасында бақытты болуы керек»
Менің әріптестерімнің бәрі тұрмыста, бәрі де пысық, екеуіне де үлгереді. Менің олардан қай жерім кем? Отбасын құрған кезде Алла тағала күш бере ме білмеймін, бірақ көп нәрсеге үлгереді екенсің! Уақытыңды үнемдеп үйренесің. Қазіргі таңда ата-енеммен тұрамын, күйеуім, балам, жұмысым, арасында жиырма күндік гастрольдерім бар (күліп). Соның бәріне үлгеріп жатырмын.
Оның басты себебі – жарды дұрыс таңдағаныңда. Өйткені, күйеуің қызғаншақ болса, өнер жоқ. Ол үйде отыруды талап етеді. Мен тұрмысқа 25 жасымда шықтым. Күйеуім екеуіміз бір-біріміздің кім екенімізді білдік. Ол мені түсінеді, қолдайды. Мен отбасымда бақытты болмасам, өнерде бақытты болуым екіталай. Сондықтан, әйел адам ең бірінші отбасында бақытты болуы керек. Күйеуінің разылығын алып, ата-енесің қас-қабағына, қызының жағдайына қарауы керек. Үйің берекелі болған кезде ғана, театрға жақсы көңіл-күймен келесің де, жақсы образдар шығарасың. Егер отбасыңда ұрыс-керіс болып жатса, қандай өнер? Онда өнер жоқ.
«Рөл алған кезде отағасымен ақылдаспаймын»
Өйткені, жолдасым өнер адамы емес. Бірақ мен оған театрдағы барлық жақсы жаңалықтарды айтып отырамын. Азат театрдың менің өмірім екенін біледі. Себебі, мен ол жерде көп нәрсені үйрендім. Қаланың қызы болсам да, қазақша судай сылдырлап отыруым, көп дәстүрді білетіндігім — бәрі театрдың арқасы. Көбі «күйеуіңіз қызғанбай ма?» деп сұрайды. Әрине, еркек адам болған соң қызғанады. Ол жақсы нәрсе. Бірақ, бәрі орнымен болуы керек. Сосын, мен қызғануға себеп бермеймін. Ата-енем де өнерімді түсінеді.
Екі жарым жастағы қызымыз бар. Балабақшаға апармаймыз. Өйткені, әжелері қарап отыр.
Азат екеуіміз бір-бірімізге ашықпыз. Ішімізде қандай ойлар, қобалжулар, реніштер болса, барлығын айтамыз. Сонда ғана жаман энергия іште сақталмайды. Ол іште жинала берсе, бір күні қатты айқайлайсың. Бір-біріңді түсінбеу содан басталады. Сондықтан, барлығын ашып айтамыз. Жас отбасыларға да солай істеуге кеңес беремін.
«Қызым әртіс боламын десе…»
Нағыз өнер – өте таза өнер. Мен тазалықтың ортасында жүрген адаммын. Көбі баласын өнерге бермейтінін айтады. Әрине, әр жұмыстың қиындығы болады. Мен де бәлкім, жасым қырыққа келгенде қызымның өнерге келуіне қарсы болармын… Кім білсін? Өнер деген — біреуге бақ, біреуге — сор. Қазіргі таңда қарсы емеспін.
Арманымдағы рөл
Қарагөз бен Жанна Д’Аркты ойнағым келеді.
Кино немесе театр?
Мен үшін екеуі бірдей. Екеуінің қайсын таңдайсыз деген сұрақ, «Әкеңді жақсы көресің бе, Анаңды ма?» деген сұрақ сияқты. Шамам жеткенше, екеуін қатар алып жүргім келеді.
Басқа театрлар туралы
Басқа театрлардың қойылымдарын көремін. Көп әріптестерімді сыйлаймын, құрметтеймін. Себебі, бізден мықты тұлғалар шыққанын қалаймын. Біздің халық бақталас. Неге? Өйткені, бір-бірімізді көре алмаймыз. Ол дұрыс емес. Біз бір-бірімізді хан көтеріп, «Осындай әріптестеріммен замандас болғаныма мақтанамын!» деген кезде ғана, тарихта қалатын адамдар шығады.
«Сын айтылғанын күтіп отырамын»
Актер сынмен ғана өседі. Тек қана жақсы пікірлер айтылса, бір орында қалып қоюың мүмкін. Сондықтан қандай жұмысты жасасам да, жақсы адамдардан, өнерден хабары бар адамдардан сын күтіп отырамын. Бәрі жақсы десе, қорқамын.
«Жалғыздықты өте қатты жақсы көремін»
Кейде отбасы, жұмыс, күйбең тіршілік қажытқанда, жалғыз кетіп қалып, өзіммен-өзім сөйлесемін, көп армандаймын. Ренжіп қалған адамдарыма іштей ұрсып аламын да, жеңілдеп қаламын. Солай негативтерден арыламын.
Қызықты оқиғасы
Алғаш театрға келген кезде Болат Атабаевтың «Қарагөз» трагедиясы сахналатын болды. Театрда қанша әртіс болса, бәріміз сахнаға шығамыз. Мен ол қойылымды білмейтінмін. Бір күні қызық болды. Шымылдықтың екі жағының бірінде режиссердің көмекшісі отырады, екіншісі жай шымылдық болды. Мен сол жағында тұрып қалыппын. Жанымда Шынар Асқарова, Шынар Жанысбековалар бар. Олар не істесе, соны істеуге дайынмын. Сол кезде маған Шынар апай Ғазиза апай шыққан кезде артынан текеметті ұстап, «Қалқа бала» деген әнді айтып шығу керек екенін айтты. Сосын Ғазиза апай шықты. Ол қойылымда Қарагөздің әжесін сомайды. Сондай бір ауыр сахна болып жатты. Шынар апай «Бар, жүгір»,-деді. Мен текеметті ала салып, әндетіп атып шықтым. Ғазиза апай біртүрлі қарады. Әнді дұрыс айтпай жатыр екенмін деп ойлап, одан сайын дауысымды шығарып айта бастадым. Шынар апайға қарап, «болды ма?» деп ымдап сұрасам, айта бер деп белгі көрсетеді. Текеметті ілдім, ешкімге қарап жүрген жоқпын. Бір кезде көзім режиссердің көмекшісіні түсіп кетті. Ол маған «Кет!»,-деп айқайлап жатыр. Мына жаққа қарасам, Шынар апай «Жарайсың!» деген белгі көрсетеді. Сөйтіп екі жаққа алақ-жұлақ етіп қалдым. Түрім бұзылып кетсе керек, сахнада тұрып «Не істеймін?»- деппін ғой (күліп). Сөйтіп, сахнадан кетіп қалдым. Артынан актерлер театрда жаңадан келген әртістермен солай қалжыңдап ойнайтынын түсіндірді.
«Өлімнен қорқамын»
Мен қазіргі кезде ата-аналарымның, жақындарымның кетіп қалуынан қорқамын. Өлімнен қатты қорқамын. Бәлкім, жас келгеннен бе екен?
Оқырмандарға тілек
Адам тәубешіл болуы, әр күніне шүкіршілік етуі керек. Біз тойымсызбыз ғой. Пенде болған соң ананы жеп, мынаны кигіміз, көлік мінгіміз келеді. Бірақ өмірдің мәні ол емес. Өмірдің мәні – сенің оянуың, осы әлемді көруің. Сол себепті әр атқан таңың үшін шүкіршілік етіп, күліп ояну керек. Сосын жырақта жүрген студент қыздар-жігіттерге айтарым: әрдайым ата-аналарыңа хабарласып тұрыңдар.
Сұхбаттасқан: Әсел САРҚЫТ