ЭКСПО-ға келген туристер есебінен қанша қаржы түседі?

“Әр туристің орташа жұмсайтын ақшасы шамамен 400 доллар. Өткен жылғымен салыстырғанда биыл Қазақстанға келушілер саны 5-6 есе артады”, –  дейді “Қазтур” агенттігінің директоры Алтай Омаров.

Агенттік басшысының айтуынша, Қазақстанда туристер үшін ең тартымды жерлердің қатарында Көлсай көлі, Шарын және тағы басқалары бар. Дегенмен, ең басты жерлер ретінде Алматы мен Астана қалалары есептелінеді.

Омаровтың есебінше, Алматыда әр турист орта есеппен 50-70 доллар күніне жұмсайды.

Айта кетейік, ЭКСПО ұлттық компаниясы шараға 2 млн адам келетінін мәлімдеген. Соның ішінде 15 пайызы шетелдік болатынын ескерсек, ЭКСПО Қазақстан туризміне 120 млн доллар кіріс кіргізбек.

Дегенмен, бұл — алдын ала есептеу.

Еске салайық, Алматыға Универсиада үшін 30 мың турист келеді деген алдын ала мәлімдеме жасалды. Алайда қала әкімі Бауыржан Байбек шара біткеннен кейін оған тек 2 мың адамның, яғни 15 есе аз адамның келгенін хабарлады.

ДереккөзNaryk.kz