Еске салсақ, 2014 жылы өңіріміздегі осындай бағыттағы 606 ұйымда 62,4 мың бала тәрбиеленіп келген еді. Демек, соңғы бір жылда мемлекеттік-жекеменшік аясындағы мекемеге келген бала саны 8 мыңға артып отыр.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі аясындағы мектепке дейінгі мекеменің артықшылығы сол, мұндай ұйымдардағы әр балаға ай сайын мемлекеттік тапсырыс аясында 18375 теңге бөлінеді. Тиісінше, бұл балабақшаға әр бала үшін ата-аналардан төленетін айлық қаржының мемлекеттік балабақшадағыдай 8 мың теңгенің айналасында болуына мүмкіндік береді. Өткен 2015 жылы облыста мектепке дейінгі 108 ұйым ашылып, өңірдегі балабақшаның саны 1524-ке жетті. Қазіргі таңда, онда 3 пен 6 жас аралығындағы 164,7 мың бүлдіршін тәрбиеленуде.
Нәтижесінде, былтырғы жылдың қортындысымен мектепке дейінгі ұйымдарға 3-6 жастағы балаларды қамту көрсеткіші 80,5 пайызды құрап, 2014 жылмен салыстырғанда 3,7 пайызға артқан. Айта кетейік, облыстағы 1524 мектепке дейінгі мекеменің 985-і балабақшалар болса, 539-ы мектеп жанынан құрылған шағын орталықтар. Ал 985 балабақшаның 254-і мемлекеттік балабақша ретінде қызмет етсе, 703-і мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі аясында жұмыс істеп келеді. Қалған 28 балабақша жекеменшік ұйым ретінде бала тәрбиелейді.