Діни экстремизмнің алдын алу үшін не істеу керек? (сауалнама)

Діни экстремизм мен терроризмге оның не екенінен хабары жоқ адамдар барады. Ал, халық оның не екенін біле ме? Білсе, алдын алу үшін не істейді? "Сұрақ-жауап" сайтының тілшілері сауалнама жүргізіп көрді.

Сауалнама
©SZH.kz

 Әлібек Дәулеттегі:

Діни экстремизм деген не? Қалай түсінесіз?

Білмеймін.

Теледидардан, газет-журналдан ол туралы ештеңе естімедіңіз бе?

— Естімедім. Мен Қытайдан келгенмін. Біз жақта ондай нәрсе туралы айтылмайды.

Сауалнама
©SZH.kz

Алмат Әлмұратұлы:

— Діни экстремизм деген не? Қалай түсінесіз?

— Түсінбей жүрмін соны.

Теледидар, газет-журналдардан естімедіңіз бе?

— Естідім, бірақ не екенін білгім келіп, қызыққан емеспін.

— Сондай жағдайға жақындарымның бірі тап болады-ау деп ойламайсыз ба?

— Әзір емес. Әзір көңілімді ондай нәрселерге бөлгім келмейді.

Сауалнама
©SZH.kz

Дәкей Әбдімәжінұлы мен Қанай әже:

— Діни экстремизм деген не? Қалай түсінесіз?

— Түсінбейміз. Біз Қытайдан келгенбіз.

Ол туралы ештеңе естіген жоқсыздар ма?

— Ештеңе естімедік.

— Қытайда діни экстремизм, оның алдын алу туралы ешқандай жұмыстар жүргізілмей ме?

— Дінімізді қолдайды, бірақ ондай нәрсе туралы естімедік.

Сауалнама
©SZH.kz

Шерхан Төрехан:

— Діни экстремизм деген не? Қалай түсінесіз?

— Білмеймін.

—  Ол туралы теледидардан, радиодан естімедіңіз бе?

— Өзіміздің дін туралы ма?

— Діни экстремизм туралы. Мысалы, көп адам жат дінге кіріп, шетел асып, Сирияға кетіп қалып жатыр…

— Ол туралы естігенмін. Бәрі шулап жатты ғой. 2016 жылы көбейіп кетті. Сирияға кетіп жатты.

— Неге көбейіп кетті деп ойлайсыз?

— Ол адамдардың өздеріне де байланысты ғой. Ондай нәрселер адамдардың иманының төмендігінен болады.

— Оның алдын алу үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

— Ол жағын білмедім. Халықтың діни, саяси сауатын көтеру керек шығар.

Сауалнама
©SZH.kz

Гүлдана Рахимова:

— Діни экстремизм деген не? Қалай түсінесіз?

— Ол не?

— Белгілі бір діннің атын жамылып, лаңкестік іс-әрекетке барушылар туралы естімедіңіз бе?

— Естідім. Адасушылар ғой олар. Басқа дінге кіріп кеткендер.

— Оның алдын алу үшін не істеу керек?

— Адастырып жатқандардың көздерін жою керек.

— Адасушылар неліктен көбейіп кетті деп ойлайсыз?

— Ақырзаманның белгісі шығар. Жаман пиғылды адамдар көбейіп кетті ғой.

Сауалнама
©SZH.kz

Айдана:

— Діни экстремизм деген не? Қалай түсінесіз?

— Діни экстремизм деген басқа секталар емес пе? Басқа дін деген сияқты… Қазір діннің ағымдары өте көп қой. Бірақ менің ауызым ораза. Сондықтан, бұл туралы ештеңе айтқым келіп тұрған жоқ.

Қалай алдын алу керек деп ойлайсыз?

— Айтқым келіп тұрған жоқ.

Сауалнама
©SZH.kz

Бекзат Ноғайбаев:

Діни экстремизм деген не? Қалай түсінесіз?

— Экстремизм деген — басқа дінге түсіп кеткендер. Оларды ақша беріп, алдап кіргізіп алады. Сосын байлыққа құмартқандар соның артынан кетеді.

— Алдын алу үшін не істеу керек?

— Білмеймін. Нұрсұлтан Назарбаевқа экстремизмге тыйым салатын заң шығару керек шығар…

Сауалнама
©SZH.kz

Жайдар Сәменбек:

— Діни экстремизм деген не? Қалай түсінесіз? 

— Діни экстремизм? Уахабистер шығар… Сектаға кіріп кететіндер…

— Басқа сектаға, басқа дінге кіріп кетпеу үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

— Секталарды ақша беріп, алдап-сулап кіргізеді деп айтады. Сондықтан, ондай адамдарға жоламау керек деп ойлаймын.

Сауалнама
©SZH.kz

Мадина Кицамаевна:

— Діни экстремизм деген не? Қалай түсінесіз? 

— Ол діннің адами құндылықтардан биік тұруы. Мысалы, діни кітаптарда жазылған қағидаларды асыра қолдану.

— Алдын алу үшін не істеу керек?

— Білмеймін, тіпті. Егер білсем, бұны тоқтатар едік. Мүмкін, әрбір адаммен жеке-жеке жұмыс істеп, психологиялық тұрғыда әсер ету керек шығар. Яғни, әлемді өзгерткеннен бейбітшілік заманда өмір сүргеннің артық екенін түсіндіру керек. Олар соны жасағысы келеді ғой.

Сауалнама
©SZH.kz

Беглан Ілиясұлы:

— Діни экстремизм деген не? Қалай түсінесіз? 

— Білмеймін. Бәлкім, басқа дінге кіріп кеткендер туралы болар…

— Алдын алу үшін не істеу керек?

— Ондайды болдырмаудың алдын алатын діни басқармалар бар. Солар жұмыс жасауы керек.

Сауалнама
©SZH.kz

Жұлдыз Асқар:

— Діни экстремизм деген не? Қалай түсінесіз? 

— Терроризм…

— Алдын алу үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

— Алдын алу үшін… Қазір хиджап киген қыздарды оқуға, жұмысқа алмай жатыр ғой. Соған қарсы, өз ойымды айтсам, қатты кетпей, хиджаб емес, орамалын тағып, ұзын белдемшесін киіп жүрген дұрыс сияқты. Ал, қара жамылып жүрген кісілерді 24 сағатқа болса да қамау керек деп ойлаймын.

Сауалнама
©SZH.kz

Айым Қуанышбай:

— Діни экстремизм деген не? Қалай түсінесіз? 

— Басқа дінге түсіп кеткендер…

— Алдын алу үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

— Қазір бізде діни кітаптар көп. Мектептегі балаларға да қосымша ретінде енгізіп жатыр. Соларды оқысақ, сосын өзіміздің иманымыз түзу болса, алдын алуға болады деп ойлаймын.

Сауалнама
©SZH.kz

Айгүл, ұстаз:

— Діни экстремизм деген не? Қалай түсінесіз? 

— Өзге діннің, жат ағымның жетегіне еріп кету.

— Алдын алу үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

— Дін біздің қанымызда туылғаннан бері бар. Қазір ешкімді қинап, ештеңе үйрете алмайсың. Ол тәрбиеден басталады. Баланы отбасы мен мектеп бірігіп тәрбиелеуі керек. Мысалы, мен ата-аналармен солай жұмыс істеймін. Ол міндетті түрде керек. Бала мектепте басқаша, үйде басқаша, ал көшеде тіпті басқаша болуы мүмкін. «Қызым үйде, қылығы түзде» деген сол ғой. Оған адамдардың араласатын ортасы да әсер етеді. Ортасы, мектебі, отбасы дұрыс болуы керек.

Сауалнама
©SZH.kz

Толик:

— Діни экстремизм деген не? Қалай түсінесіз? 

— Лаңкестер…

— Алдын алу үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

— Мектеп жасынан бастап дінді оқыту керек. Шетелге кетіп жатқандарға айтарым, онда не бар? Өзіміздің Қазақстанымыз жақсы. Бірақ, мен дінді білмеймін. Құран да оқымаймын, мешітке де бармаймын. «Пісмілләмді», мұсылман екенімді білемін, болды.

Сауалнама
©SZH.kz

Жарқын:

Діни экстремизм деген не? Қалай түсінесіз? 

— Діни экстремизмді қазақ ұшқарлық деп айтады. Мысалы, сен тамақты артық жеп қойсаң, зиян болады. Дін де сондай. Дін — Алла тағаладан Пайғамбарымызға  (с.а.у) келген адамзаттың ақиқатпен жүру қағидасы. Уақыт өткен сайын оны әртүрлі діни топтар мен адамдар өздерінің пайдаларына қарай бұрып, өздері әулие болғысы келіп, өзгерткен. Мысалы, намазды ерлерге де әйел адамдар сияқты қолын кеуделеріне қойып оқуды, аяқты жаныңда тұрған адамның аяғына тигізіп оқуды, ораза ұстасаң, түкірігіңе дейін жұтпауды талап ете бастады. Сол сияқты жат пиғылды адамдар басқаларды азғырып, бұзып жіберді. Экстремизм дегеннің мағынасы сол.

Сондықтан, артық ұшқарлықтың керегі жоқ. Қазақ — әлмисақтан бері мұсылманбыз. Алла тағалаға сенеміз, Құранның жолымен жүреміз.

— Экстремизмнің алдын алу үшін не істеу керек?

— Қазаққа кішкентайынан бастап қазақылық, ұлтжандылық тәрбие беру керек. Үлкенді сыйлауды, туған-туысқанның кім екенін, ұлтыңның, руыңның, жеті атаңның кім екенін баланың бойына сіңіру керек. Сақалды жалбыратып өсіріп, балақты шорт кесіп тастау — адасушылық. Біз өзіміздің қазақы түрімізбен, қазақы жолымызбен де дінді ұстап, Пайғамбарымыздың (с.а.у) жолымен жүре аламыз.

Қорыта айтқанда…

Сауалнама жүргізу барысында көп адам тақырыптың діни экстремизм туралы екенін ести салысымен білмейтіндерін айтып, бас тартты. Ал, келіскендердің жауабын өзіңіз оқып шықтыңыз. Көпшілік діни экстремизмді тек басқа діннің ағымына еріп кету деп ойлайды.

Ал, «Уикипедиада» діни эксремизмге былай деп анықтама беріледі: «Діни экстремизм Ислам құндылықтарын сақтау жолында үндеу тастаған өздерінің пікірлестерін діни принциптерді бұзушылар деген айыптаулармен кінәлайды. Діни-саяси экстремизм болса, әртүрлі діни пікірлерге негізделгеніне қарамай, олардың іс-әрекеттері Қылмыстық істер кодексінің баптарына сәйкес келеді. Яғни, діни-саяси экстремизм — діттеген саяси мақсаттарына қол жеткізу үшін, дінді қалқан ете отырып әрекет етуші, дінге ешқандай қатысы жоқ іс-қимыл. Басқаша атағанда — терроризм (лаңкестік). Мұндай әрекеттер көбіне мемлекеттің құрамын күшпен өзгертуге немесе үкіметті басып алуға бағытталады. Қауіпті жағдайға айналған осындай әрекеттерді іске асыру, көбіне қарулы топтар құрып, өзара өшіктіру әдістерін қолдану арқылы дін және ұлттық қайшылықтарды қоздырумен, сондай-ақ адам құқын жаппай бұзумен қатар жүреді».

Осыдан бір жыл бұрын сол кездегі Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы, қазіргі дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев 200 қазақстандықтың Сирия мен Ирактағы соғысқа кеткенін айтқан еді. Бұл көрсеткіштің бір жыл ішінде қаншаға жеткені әлі белгісіз.

Сіз діни экстремизммен қалай күресу керек деп ойлайсыз? Пікір қалдырыңыз.

Материалды Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының тапсырысымен «Қазақ интернеті» қоғамдық бірлестігі дайындаған.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!