Банкомат ақшаңызды бермей қойса, не істеу керек?

20 минут күтіңіз

Кейде банкоматтың қысқа мерзімдік істен шығуына байланысты ақшаны шығармайды. Бірақ ақау жөнделген соң ақшаңыз төлем картаңызға қайта түсуі мүмкін. Сондай-ақ, ақшаңызды «жұтып қойған» банкоматтан 20 минут көлемінде алыстамаңыз. Себебі  ақшаны аз уақыттан соң шығаруы мүмкін.

Барлық ақпаратты жазып алыңыз

Банкомат сіздің ақшаңызды шығармай, чекті де бермей қоюы мүмкін. Ақшаңыздың «жұтылғанын» тиісті орындарға дәлелдеу үшін төмендегі ақпараттарды есте сақтап, жазып алғаныңыз жөн:

  • Банк операциясын қай күні, қай сағатта, қай минутта жасағаныңыздың нақты уақыты;
  • Банкоматтың мекен-жайы және оның нөмірі. Ол құрылғының алдыңғы жағында көрсетіліп тұрады;
  • Банкомат шығарған және шығармаған ақшаның көлемі;
  • Банкоматта бейнебақылаудың болуы немесе болмауын анықтау. Себебі, ол сіздің барлық әрекетіңізді түсіріп алады.                 

Банкке хабарласыңыз

Егер ақшаны басқа банктің банкоматынан алмақ болғанда жұтып қойса, банкомат тиесілі банкке хабарласасыз. Банкомат банктің алдында орналасқан болса, сол жерде банк қызметкерлерін көмекке шақырсаңыз болады.

Ал бұл шет елде жүргеніңізде орын алса, төлем картаңыз тиісілі банкке хабарласыңыз. Бірақ тексеріс екі айға дейін созылуы мүмкін. Сондай-ақ, ақшаңызды «жұтқан» банкоматтан алыстамай, банкоматқа тиісілі банкке қоңырау шалыңыз. Оның нөмірі банкоматтың сыртында және төлем картаңызды жазылып тұрады. Кейбір банктер ақшаны сақтау үшін телефон арқылы да өтініштер қабылдайды.

Егер телефон арқылы өтініш қабылданбаса, жазбаша түрде өтініш жазыңыз. Онда төмендегідей ақпараттар көрсетілуі тиіс:

  • Аты-жөніңіз пен төлқұжатыңыздағы мәліметтер;
  • Төлем картаңыз жайлы;
  • Банкоматтың нөмірі мен мекен-жайы;
  • Банк операциясын жасаған  нақты уақыты мен сомасы жайлы ақпараттар.

Сондай-ақ, әр банкттің қосымша талаптары болуы мүмкін. Егер банк сіздің өтінішіңізді уақытында қарамаса немесе тексеріс жүргізбесе, құқық қорғау органдары мен Ұлттық банкке арыздануыңызға болады.

Дереккөз7kun.kz