Бәрін шешетін қателіктер мен кездейсоқ жайттар туралы

Танымал адамның табысты жолы елге әрдайым қызық. Бірақ мен мұны өнбес іс деп атар едім, себебі әр тағдыр өзінше бір қайталанбас жол, ерекше өмір, тура сондай жолмен жүріп өту мүмкін емес. Ал қателіктер мен проблемалар әдетте біртектес болып келеді, сондықтан қателік жіберіп алмауды немесе мәселені шешуді үйрену маңыздырақ. Табыс формуласы қарапайым: мүмкіндікпен бетпе-бет келуге дайын болу қажет. Дайын болу – міне, адам осыны меңгеру керек, бұл сәті түскенде мүмкіндікті жіберіп алмай, оны табысқа жету үшін пайдалануға қажет. Дайындығыңыз неғұрлым жоғары болса, айналаңыздағы мүмкіндікті де соғұрлым жиі байқайтын боласыз. Қажетім қашан аспаннан түседі екен деп күтіп отырмау керек: мұндай мүмкіндік кез келген минутта сізден теріс айналып кете алады. Бақытты сәт сіздің оған қаншалықты дайын болғандығыңызға тікелей тәуелді. Өз тәжірибемді саралай келе білгенім мынау: ең табысты деген келісімдер маған кездейсоқ келді. Ауыр және үздіксіз еңбектің нәтижесінде әлдебір көрсеткішке қол жеткіздім дей алмаймын. Ал сол сәті түскенде менің оған дайын болғаным басқа әңгіме. Керек кезде ақшаны да, таныстарды да таба алдым, нарық болашағын дер кезінде түсіне алдым. Сондықтан, қайталап айтамын, біреудің табысты ісіне қызығудың қажеті жоқ, қателіктерді талдап, саралап үйрену керек. «Тірі қалған адамның қателігі» деген түсінік бар. Мысалы, бір кісі теңізге батып бара жатыр делік. Бірақ, жолы болып, дельфинді жолықтырып қалады. Балық оны жағаға итеріп шығарады. Елдің ортасына оралған соң ол адам дельфиннің жақсы жануар екенін, адамдарды құтқаратынын қоймай айтып жүреді. Бірақ бұдан басқалар итерудің дельфиннің кәдуілгі әдеті екенін білмейді. Дельфин жағаға емес, керісінше ашық теңізге итеріп кеткен 100 адамның 99-ы сізге бұл туралы айтып бере алмайды. Міне, осыны «тірі қалған адамның қателігі» деп атайды. Бизнесте де осы. Табысты адамнан құпияң неде деп сұраған кезде сіз жолы болмаған, банкротқа ұшыраған 999 немесе 99 өзге бизнесменнің тағдырын жіберіп аласыз. Сондықтан мен қателіктер мен проблемаларды игеру дұрыс деп санаймын.

Проблеманың пайда болу себептері туралы

Кез келген даму жолы немесе табыс қиындықсыз жүрмейді. Елдің бәрі білетін мысал есімде: қытай тілінде «проблема» және «мүмкіндік» иероглифтері бірдей оқылады. Өмірде де солай. Бәрі адамның дайындығына байланысты. Егер ол қажет деңгейде дайын болса, кез келген кедергі ол үшін мүмкіндік болмақ. Дайындығы әлсіз болса, мүмкіндік проблемаға айналады. Енді мына мәселені қарастырайық: проблема қайдан пайда болады? Біріншіден, айналадағының бәрі өзгергенде қиындық туындайды. Күн сайын әлем, экономика, нарық, бәсекелестер, біз өмір сүретін орта, әйтеуір, бірдеңе өзгеріп жатады. Сондықтан кеудемізде жан бар кезде басымыз проблемадан арылмайды. Екіншіден, проблема сыртқы жағдайды жете бағаламау мен өз мүмкіндіктеріңді асыра бағалаудан келіп пайда болады. Бизнесмендердің жолында кесе-көлденең тұрып алатын жайт осы: олар өздерінің, командасының мүмкіндіктерін, нарықты, өнім сапасын асыра бағалайды, елдің бәрі дәл осы менің тауарымды келіп жаппай сатып ала бастайды деп санайды. Бірақ бәсекелестерін, клиенттердің кірпияздығын және басқа факторларға мән бермей, жете бағаламай жатады.

Сәтсіз жобаларға деген сүйіспеншілік туралы

Өз тәжірибемнен айтайын, мен жақсы көріп айналысқан жобада сәтсіз мәмілелер орын алып, қателіктерге жол берілді. Махаббат қой, сен жобаның кемшіліктеріне көз жұма қарап, оның бойында жоқ жақсы қасиеттерді оған таңа бастайсың. Ештеңеге қарамай, жобаға бар ынт-шынтымен кірісесің, ішіне кіріп, батып кетесің. Осындай сәтте адамға тән кінәрәт белгілі бола бастайды. Мен шыдамсыз болдым, кемшіліктерге мән бермедім, жақсы көргене жобамның болашағы жақсы болады деп сендім, қиялымдағы шындықты өмір шындығымен ауыстырып алдым. Ал өзім бей-жай қараған жобалар керісінде маған табыс әкелді. Ең қызығы, көптеген сәтті жобаларды маған қоярда-қоймай алғызып, жүргіздірткен еді. Мен олардан бас тарттым, қолайыма жақпайды деп те айттым, қолымнан келмейді дедім, саланың болашағы жоқ деп те қашқақтадым. Бірақ дәл осы жобалар өте жақсы нәтиже берді.

Мәселені шешу туралы

Проблемадан бұрын оның белгілері келеді. Ол мәселені асқындырып жібере алатын сөз, эмоция, ақпарат немесе әлдебір адам болуы мүмкін. Осы белгіні неғұрлым бұрын көріп, алдын алсаңыз, соғұрлым проблеманың да шешімін тез табасыз. Бүкіл жауапкершілікті өз мойныңызға алғанда ғана негізгі мәселені шеше аласыз. Ал қызметкер кінәлі, мердігердікі дұрыс емес, үкімет жауапты деп санайтын болсаңыз, әлденемен айналысуға ықыласыңыз болмайды. Қызметкер өз міндетін орындамай жатса, мұның жоғарыда айтылған белгі екенін түсіну керексіз. Тағы бір қызық дерек: егер проблема ұйымның ішінде орын алса, оған 95% қызметкер емес жүйе кінәлі. Мұны білу керек. Қызметкерге ұрсып, оған айыппұл салып, неге өйткені туралы қазбалап тықақтаудың қажеті жоқ. Бір себебі болған шығар немесе ол – нашар қызметкер, яғни кадр ісі жөніндегі қызметіңіз дұрыс жұмыс істемейді. Ал егер мәселе жүйеде болмаса, оның пайда болуына 95% сіздің әдетіңіз немесе мінезіңіз кінәлі. Кез келген жеке проблема мінезге әсер етеді. Біреумен ұрсысып қалсаңыз немесе көңіл-күйіңіз болмаса, ойыңыз да дұрыс болмайды. Ойыңызды ретке келтіріп, бақылауға алмасаңыз, ол іс-әрекетіңізге айалады. Жүріс-тұрысыңызды ойластырмасаңыз, ол әдет болады. Әдетті жүгендемесеңіз, ол мінез болып қалыптасады. Барлығы ойдан басталады. Проблеманың пайда болуына алып келетін ойды өзгертіп, әдеттен айрыламын десеңіз, осы жолда көмекке келер іс-қадамды күнтізбеге түртіп қойып, жүйелі түрде орындап отырыңыз.

Проблеманы шешер кезде ескеру қажет «20% ережесі» туралы

Проблеманы шешуге келгенде қолданатын сүйікті әдісім бар, соны ұсынамын. Бизнесмен бе, әлде басқа ба – кез келген адам проблеманы қолға алғанда, оның шешімін табамын деп бір әуре болады, екі әуре болады, үш рет байқап көреді, төртінші реттен кейін ынта-ықыласы азаяды, жетінші-сегізінші талпыныстан соң қоя салады. Шын мәнінде табыстың 80%-ы сіз жұмсаған күш-қуаттың, қажыр-қайраттың соңғы 20%-на келеді. Мұны естен шығармау керек. Ғылыммен байланыстырсаңыз да болады. Ғалымдар әлдебір жаңа жобаны бастағанда, олар он сәтсіз талпыныс жасауы мүмкін. Тек осыдан кейін барып жолдары болады, күткен нәтижеге қол жеткізеді. Тек ғалымдар жетінші әлде сегізінші реттен соң ұнжырғалары түсіп, бастаған істі аяқсыз қалдыра салмайды, керісінше, аң ізіне түскен жыртқыш секілді жылдамдық арттыра түседі, нәтижені асыға күтеді. Бизнесмендерге осы ережені есте сақтау маңызға ие. Бетіңізді қайтарған әр талпыныстан соң екі есе үлкен ынта-ықыласпен қайта бастаңыз. Сәтсіз шешімдер неғұрлым көп болған сайын, сіз де мақсатыңызға соғұрлым жақындай түсесіз.

Дереккөз: hommes.kz