2025 жылға дейінгі «Байқоңыр» кешеніндегі ынтымақтастықтың келешегін пысықтау туралы Қазақстан мен Ресей президенттерінің уағдаластықтарына сәйкес, «Байқоңыр» кешені бойынша одан әрі ынтымақтастық Тұжырымдамасы әзірленіп, бекітілді. Бұл туралы Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов мәлімдеді.
«Осыған байланысты бізге аталған нысандарды күтіп-ұстау мен пайдалану бойынша жұмыстарды қаржыландыру мәселесін шешу керек. «Бәйтерек» жаңа ғарыш зымыран кешенінен бірінші ұшырылымды 2025 жылы жүзеге асыру жоспарланып отыр. «Бәйтеректі» құру ғарыш айлағының экологиялық проблемаларын шешуде айрықша маңызға ие. Жаңа зымыран гептильді «Протонды» алмастырады»,-деді Бейбіт Атамқұлов.
Министрдің пайымынша, бұл — Қазақстанның ұлттық мүдделері үшін стратегиялық маңызы бар жоба. Cебебі «Байқоңыр» ғарыш айлағының келешегін сақтап қалуға және коммерциялық ұшырулар еліміздің әлемдік нарыққа кіруіне мүмкіндік береді.
Айта кетейік, «Бәйтерек» жобасы қазіргі қолданыстағы «Зенит» ғарыш зымыран кешенімен және орта деңгейдегі перспективті ресейлік тасымалдағыш зымыранды іске асыру негізінде жоспарлануда. Бұл ретте «Зенит» ҒЗК нысандарын Ресей Федерациясынан жалдан шығару, сондай-ақ оларды Қазақстан тарапына беру 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүргізілетін болады.