15 жасында жүкті болған туған қыздарын, шымкенттік ата-ана үйге кіргізбей қойды

Өзін Динамын деп таныстырған бойжеткен 15 жасында жүкті болған. Ойнап жүріп от басқан жеткіншектің ата-анасы перзентінің қателігін кешіре алмай, үйінен қуып жіберіпті. Қазір ол Шымкент қаласындағы аналар үйін паналап жүр. Қолында 1 жасар ұлы бар. Тағдырдың тәлкегіне ұшырағаны үшін Дина ешкімді кінәламайды. Керісінше, туған ұлын бауырына басып, кез келген қиындықты жеңетіне сенімді.

Кәмелет жасына жетпей ана атанса да Дина безбүйрек аналар сынды туған баласын далада тастағысы келмейді. Өкінішке орай, елімізде жыл басынан бері жаңа туған нәрестелерді жолда тастап кетудің 4 оқиғасы тіркелген. Ең сорақысы, көкек аналар бауыр еті баласын қыстың суық күнінде далаға лақтырған.

Қазір елді дүрліктірген Жамбыл облысындағы оқиға байланысты тергеу басталды. Соңғы ақпар бойынша, жантүршігерлік жағдайға байланысты 12 адам жауапқа тартылуда.

Ал Оңтүстікте жыл басынан бері аяғын шалыс басып, бауыр еті баласынан бас тартқан аналарға қатысты жағдай тіркелмеген. Дегенмен, дәрігерлер жүкті болған 16 жасар жеткіншекті тіркеуге алыпты. Сондай-ақ, зорлық көрген 14 жастағы екі жасөспірімге психологиялық көмек көрсетіліп, өзіне өзі қол жұмсаудың алды алынды.

ДереккөзОтырар