Теңге бағамы алдағы бір-екі аптада тұрақталады, деп күтеді Мәсімов

Теңге бағамы салыстырмалы тепе-теңдікке жақындады, алдағы бір-екі аптада тұрақталады, деп санайды Қазақстанның премьер-министрі Кәрім Мәсімов.

«Менің ойымша, біз белгілі бір салыстырмалы тепе-теңдік нүктесіне жақындадық, енді жақын болашақта, меніңше бір-екі апта ішінде рубльдің де долларға қатысты, теңгенің де долларға қатысты бағамның тұрақталғанын көреміз. Бұл өте маңызды деп білемін. Тепе-теңдік нүктесіне келгенде, жағдай да тұрақталады, сол кезде ұзақ мерзімді болжам жасауға болады», — деді Мәсімов РИА Новости агенттігіне.

Қазақстан үкімет басшысының айтуынша, қазіргі таңда ұлттық валютаның бағамына екі фактор әсерін тигізеді. «Бірінші фактор — мұнай бағасы. Екінші фактор  — бұл рубль бағамының тұрақты валюталарға қатынасы, өйткені біз Ресеймен бірге бірыңғай экономикалық кеңістіктеміз «, — деп атап өтті Мәсімов.