Басты бетБастыАхметжан Есімов...

Ахметжан Есімов ЭКСПО-2017 нысандарының бірегейлігі туралы айтып берді

Журналистердің турист ретінде ЭКСПО аясында қайда барар едіңіз деген сұрағына Ұлттық компания басшысы көрменің әр нысанының қайталанбас бірегей және қызықты екенін айтып жауап берді.

«Жақында қауіпсіздік мәселелері бойынша нысандарды аралаған болатынбыз. Менен әр ғимарат жаныңызға жақын шығар деп сұрады. Расымен солай. Сондықтан да олардың бәрі мен үшін қызық, себебі бұл нысандардың барлығын жаңадан тұрғызу керек болды. Сұрағыңызға жауап ретінде бірінші кезекте көру керек ғимарат деп «Нұр-Әлемді» атар едім. Ол ең әуелі инженерлік ой және сәулет тұрғысынан қызық болмақ», — деп атап өтті Ахметжан Есімов.

Айтпақшы, бұл ғимараттың бірегей архитектуралық құрылысына шетелдік салалық телеарналар да қызығушылық танытыпты.

«National Geographic арнасы келіп кетті, үлкен ынта-құштарлықпен аралады. Бұл – баламасыз ғимарат. Әлемде басқа еш жерде жоқ, диаметрі 80 метр. 20 метрдей павильонға арналған. Шар оның үстінде болады: нысанның жалпы биіктігі – 100 метр. Бұл архитектуралық жағы, ал инсталляциялық жұмыстарын, контентін Швейцарияның, Италияның, Германияның әлемдік фирмалары жасап жатыр. Оған ғарыш қуатынан бастап жел, күн, жер энергиясын, кинетикалық энергия, су қуатына дейін қамтитын экспозициялар кіреді. Әр қабат осы энергиялардың бірін тақырып етіп алып, ашып көрсетеді», — деді Ұлттық компанияның басшысы.

Ол «Нұр-Әлем» нысанының көрмеден кейін де жұмыс істейтінін, ал барлық экспонат болашақ музейіне берілетінін айтып өтті.

«Ғимарат осы күйінде көп жылдар бойы жұмс істейді деп ойлаймын. Мен бір кездері көрмеге арнап Атомиумды (Брюссельдің ең басты көрнекі орындарының бірі және символы) салған Бельгияда жұмыс істедім. Содан бері 50 жылдай уақыт өтті, алайда нысан қалай салынса, солай тұр. Қызық ғимарат, бірақ осы 50 жыл ішінде ештеңесін өзгертпеген, тек күтіп-қарап тұрады. Туристер көптеп келеді. Сондықтан бірінші кезекте атайтын нысанымыз «Нұр-Әлем» болмақ», — деді А.Есімов.

Басқарма Төрағасының айтуынша, энергияның пайда болуынан бастап оның қазіргі түрлеріне дейін қамтитын, көрме тақырыбын ашатын «Үздік тәжірибелер» аймағы мен тақырыптық павильондар да қызық болмақ. Сонымен қатар ЭКСПО-да «Cirque du Soleil» өнер көрсетіп, түрлі шаралар өтетін арт-орталық та өз қызметін ұсынбақ.

«Нысанды француздар дайындап жатыр. Олар бұл қойылымды 2018 жылы көрсетпек болған еді, бірақ тұңғыш рет бізде қойылатын болады. Бұл робот, олар оның қалай жұмыс істейтінін, қалай сурет салатынын, тағы басқаларды көрсетеді. Бұл «Cirque du Soleil» циркі. Кеше дайындықтарында болдым, олар артистердің барлық қимыл-қозғалысы энергияны қалай шығаратынын көрсететін қойылымды арнайы дайындап жатыр. Бұл корпоративтік павильондар, онда біздің 5 Ұлттық компаниямыз және алдыңғы қатарлы шетелдік компаниялар өз жұмыстарын ұсынатын болады. Халықаралық павильондар. Турист ретінде осы нысанардың бәріне барғым келер еді», — деп сөзін қорытындылады спикер.