Мемлекет басшысы Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановты қабылдады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Ақорданың мәліметінше, кездесуде облыс әкімі президентке былтырғы және 2026 жылдың бірінші тоқсанындағы негізгі көрсеткіштер туралы баяндады.
Әкімнің айтуынша, былтыр Павлодар облысында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 4,1 триллион теңгеге жеткен. Өңір еліміздегі көмір мен ферроқорытпа өндірісінің 58%-ын, сонымен қатар электр энергиясының 42%-ын қамтамасыз етіп отыр.
Ауыл шаруашылығы саласында да өсім байқалған. Жалпы өнім көлемі 9,6% артып, 571,4 миллиард теңгені құраған. Сонымен қатар облыста 30 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, қалаларда екі мектеп пен ауылдық жерлерде үш мектеп пайдалануға берілген. Бұдан бөлек, 30 денсаулық сақтау нысаны салынған. Биыл тағы екі мектеп пен бес ірі әлеуметтік жобаны іске асыру жоспарланып отыр.
Өңірдегі жол және көлік инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары да жалғасып жатыр. Үш қаладағы қоғамдық көлік паркі толық жаңартылып, жақсы жағдайдағы автожолдардың үлесі 96%-ға дейін жеткен. Жалпы ұзындығы 621 шақырым болатын автожолдар мен ауыл көшелері жөнделген.
Асайын Байханов президентке Ертіс өзені арқылы өтетін жаңа көпірдің, әуежайдың ұшу-қону жолағын жаңғырту және «Шахтер» саябағын қайта жөндеу жобалары туралы да баяндады.
Кездесу барысында мемлекет басшысы Екібастұз қаласының әуе қатынасын дамытуға ерекше назар аударып, жаңа әуежай ашу мәселесін жан-жақты пысықтауды тапсырды.
Ақорда мәліметінше, бұл жоба өңірдің көлік-транзит әлеуетін арттырып, инвестициялық тартымдылығын күшейтуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ президент инвестиция тарту, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және инженерлік-коммуналдық кешенді жаңғырту жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

