Не болды?
Алматыда №145 автобус маршруты іске қосылды. Жаңа бағыт Алматы-2 теміржол вокзалынан Гагарин-Жандосов көшесінің қиылысына дейін барады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мәлімет
Маршрут 16,9 шақырымды жүріп өтеді. Автобустар күн сайын таңғы 06:00-ден кешкі 22:00-ге дейін қатынайды. Қозғалыс аралығы, орта есеппен, 14 минут болады.
Әкімдік мәліметінше, күн сайын бес Yutong маркалы тоғыз метрлік, едені төмен автобус шығады. Әрқайсы 60 жолаушыға дейін тасымалдай алады. Бағыт Райымбек батыр мен Абай даңғылы, Гагарин мен Әуезов көшесі арқылы өтеді.
Жаңа маршрут жолаушыға вокзалдан қаланың жоғарғы бөлігіне бірден жетуге мүмкіндік береді. Әкімдік бұл бағыт қаладағы көлік қатынасын жеңілдетіп, тұрғындардың жолға кететін уақытын қысқартатынын хабарлап отыр.
Қазір қалада 206 тұрақты қалалық және қала маңы маршруты жүреді. Алматының қоғамдық көлік жүйесінде 3 108 автобус бар. Оның ішінде газбен жүретін автобус, электробус, троллейбус және дизельді көліктер қызмет көрсетеді.
Контекст
Естеріңізге салайық, қалада әл-Фараби даңғылы мен Рысқұлов көшесінде автобус жолағы салынады.

