Денсаулық сақтау министрлігі косметологиялық клиникада блогер әйелдің қайтыс болуына байланысты ресми мәлімдеме жасады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Ведомство мәліметінше, 15 мамыр күні болған қайғылы оқиға ерекше бақылауға алынған. Қазіргі уақытта жан-жақты тексеру жүргізіліп жатыр.
Министрлік тексеру барысында медициналық мекеменің лицензиясының бар-жоғы, көрсетілген қызметтердің қолданыстағы стандарттарға сәйкестігі, медицина қызметкерлерінің біліктілігі және шұғыл көмек көрсету хаттамаларының сақталуы қаралатынын хабарлады.
Тексеруде медициналық қызмет көрсетуге лицензияның бар-жоғы, көрсетілетін қызметтердің қолданыстағы стандарттарға сәйкестігі, медицина қызметкерлерінің біліктілігі, сонымен қатар шұғыл медициналық көмек көрсету хаттамалары мен талаптарының сақталған-сақталмағаны қаралады, – делінген министрлік хабарламасында.
Ведомство инвазиялық косметологиялық процедуралар медициналық араласуға жататынын еске салды. Сондықтан мұндай қызметтер тек лицензиясы бар медициналық ұйымдарда ғана жүргізілуге тиіс екені атап өтілді.
Министрлік мәліметінше, тексеру нәтижесінде заңбұзушылықтар анықталған жағдайда материалдар құқық қорғау органдарына жіберіліп, қолданыстағы заңнамаға сәйкес шара қабылданады.
Сонымен қатар денсаулық сақтау министрінің тапсырмасымен косметологиялық қызмет көрсететін ұйымдарға бақылау күшейтілетіні белгілі болды.
Еске салайық, Алматы полициясы 53 жастағы Алматы тұрғыны жеке емханада қайтыс болғанын бүгін растады. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

