«Қазақалтын» компаниясына қарасты Бестөбе кенішіндегі шахтада екі адам қаза болды. Қайғылы оқиға 19 мамыр күні «Орталық» шахтасында болған. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Алдын ала мәлімет бойынша, екі азамат шахтаға заңсыз кіріп, кен қазуға әрекеттенген. Алайда жұмыс барысында тау-кен массасы опырылып, оларды топырақ басып қалған. Марқұмдардың денелері шахтадан шығарылды. Белгілі болғандай, қаза болғандар Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары болған.
Полиция мәліметінше, оқиға салдарынан 38 және 21 жастағы екі ер адам қаза болған.
Бестөбе кенішіндегі шахтада тау-кен массасының құлауы салдарынан екі адам қаза болды. Аталған факті бойынша Степногорск қалалық полиция бөлімі қылмыстық кодекстің 269-1-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр, — делінген хабарламада.
Қазір қажет сараптамалар тағайындалып, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.

